Мәдениет саласындағы биылғы жетістіктер қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет саласындағы биылғы жетістіктер қандай?

28.12.2018

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында атқарылған шаруалар қорытындыланып, алдағы міндет-жоспарлар айқындалып жатады. Осы орайда, 2018 жыл еліміздің мәдениет саласы үшін табысты болғанын айту керек. Дарынды баламыз Димаш өз өнерімен миллиардқа жуық қытай халқын ғана емес, төрткүл дүниенің өнерсүйер қауымына таңдай қаққызды. «Азияның үздік әншісінің» дабылы қарт құрлық түгілі, мұхиттың ар жағындағы алып елдің жұртына дейін жетті. Қазақ қызы алғаш рет халықаралық беделді Канн кинофестивалінде «үздік актриса» атанса, «Астана опера» солистері талғамы биік еуропалықтарды тәнті етіп қайтты.

Димашты, сөзсіз, биыл да феномен, «жыл жаңалығы» деп атауға болады. Өйткені, Димаш пен Қазақстан егіз ұғымға айналды. Қазақтың әншілік қабілетінің құдіретін миллиардқа танытқан әншінің жұлдызы биыл да жанды, ірі сахналарды бағындырды. Әнші Лондонда жеке концертін өткізіп, Ресей сахнасында халықты таңдай қақтырды. «Әлем аруы» байқауында қазақша ән шырқап, «Жыл әншісі» әрі «Ұлы Жібек жолының мәдени елшісі» атанды.

Бүгінде Димашпен бірге америкалық CBS арнасындағы The World's Best, яғни, «Әлем үздіктері» дарындылар шоуына қатысып жатқан Данэлияның даусы да көпшілікке танымал. Украинадағы  «Голос» байқауында жеңіске жеткен жас әнші Junior Eurоvision халықаралық ән сайысында алтыншы орын алды. Осылайша балалар арасында өтетін «Евровидение» байқауына Қазақстан алғаш рет қатысты.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Мәдениет саласындағы үлкен жаңалықтың бірі - кинематография туралы заңның қабылдануы.  Бұл – отандық кино саласының тынысын ашатын алғашқы заң. Жаңа заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне айрықша мән берілді. Оның ішінде, қазақ тіліне аудару тұрғысында дубляждау, субтитрлеу, фильмдерді кадрдан тыс аударма жасау ескірілді.

Фильм демекші, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміне түсіп, 71-ші Канн фестивалінде үздік әйел рөлін жеңіп алған қазақстандық әртіс Самал Еслямованың да таланты көпшіліктің есінде. Қазақстандық актриса басты рөлді сомдаған фильм Германияның Котбус қаласында өткен халықаралық кинофестивальде Гран-приге ие болды. Бас жүлдемен қатар, «Айка» қазылардың арнайы марапатын да қанжығаға байлады. Кейін бұл туынды Оскар жүлдесінің шорт-парағына ілікті. Оның нәтижесі қаңтардың 22-де белгілі болады.

Қазақ кинотуындысы «Әміре» фильмі де Голливуд кинофестивалінде жүлдеге ие болды. Лос-Анджелесте өткен  кинофестивальдің бірінші кезеңінде «Әміре» фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды. Жалпы биыл «Қазақфильм» шығарған 18 туынды халықаралық кинофестивальдерге қатысып, 11 награданы жеңіп алды.

«Астана Опера» театры болса, Италияға гастрольдік сапармен барды. Әртістеріміз Карло Феличе театры сахнасында Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін қойды. Италиялықтар дуаланған ханзада туралы балетті зор сүйіспеншілікпен қабыл алып, бишілердің кербездігі мен әсемдігі тәнті етті. Бұдан өзге, «Астана Опера» театрының сахнасында «Шахерезада» және «Шопениана» балеттерінің премьерасы өтті.

Биыл өзге бір жағымды жаңалық жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратты. Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Еліміздің барлық қаласында мыңдаған домбырашы жиналып, бір мезетте бірнеше күй орындады. Жыл сайын атап өтілетін бұл күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Саладағы үздік, елеулі оқиғалар осылай тізбектеліп кете береді. Келер жылдан да күтеріміз көп. Мәдениет министрлігі жүйелі жұмысын жаңа жылда да жалғастырып, сақтан қалған салтымызды, ғұннан қалған ғұрпымызды жаңғыртса, мәңгілік елдің жеті қырын бес құрлық бес саусағындай білер еді. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу