Ұлттық арна жылды табысты аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна жылды табысты аяқтады

28.12.2018

Биылғы жылды «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да табысты аяқтап отыр. Ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар мен жетістіктер көп. Біз ұсынған бағдарламалар көрермендердің көңілінен шығып қана қоймай, түрлі телевизиялық байқауларда өзгелерден оқ бойы озық шықты. Өнімдеріміз шетелдерде де үлкен сұранысқа ие.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Корпорация құрамына барлық өңірдегі жергілкті арналар, «Qazsport», «Balapan» және Ұлттық арна, сондай-ақ, 4 радионың кіретіні белгілі. Осы жылдың тағы бір жаңалығы құрамымызда «TAMASHA TV» арнасы ашылды. Ойын-сауықтық бағыттағы арна ұлтымызға, мәдениетімізге тән, жарасымды әзілдерді сіздердің назарларыңызға ұсынып келеді. Болашақ жоспар да ауқымды.

Есен Елеукен, «TAMASHA TV» телеарнасының директоры:

- Ойын-сауықтың түрлі бағыттары бар. Бізде оның көпшілігі игерілмеген. Ол үшін түрлі бағдарламалар жоқ. Біздің көрермен осындай дүние жоқ болғаннан кейін басқа контентті көруге мәжбүр болып отыр. Сондықтан да, осындай дүниелерді өзімізге алып келіп, өзімізге сай қылып шығару біздің басты жоспарымыз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Ұлттық арнадан сіздер тамашалап жүрген өнімнің 99 пайызы ішкі өнім. Корпорация түсірген 17 телехикая, 14 деректі фильмнің 15-і шетелдік арналарға сатылды. «Qazsport» арнасында әлемдік деңгейдегі барлық футбол додалары, Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы, Паралимпиада ойындары, UFC, жалпы, 1400-ден астам спорттық шара назарларыңызға тікелей эфирде ұсынылды. Арнаның жұмысына баға беретін өздеріңіз, ендеше, осы ретте көрермендердің ойын білдік.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

«Balapan» телеарнасы сәбиі бар әр үйде таңнан кешке дейін қосылып тұратынын мен айтпай-ақ, өздеріңіз де білесіздер. 4 радио да тыңдарманның талғамынан шығатын таңдаулы топтамаларды ұсынып келді, солай жалғастыра да бермек. Біз бұл жетістіктермен тоқтап қалмақ емеспіз. Сіздердің көңілдеріңізден шығу үшін тынымсыз еңбекті одан әрі жалғастырамыз.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу