Жетпісті алқымдаған зейнеткер жеткіншек кезінен құстарға әуес. Содан бері қанаттылардан бір қол үзбеді. Кептерлер Болат Мәдиевтің ермегі емес, бүгінде өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналған.
Болат Мәдиевтің бұл күнделікті жұмысы. Қаланың көпқабатты үйінде тұратын зейнеткер таң атысымен осылай қарай аяңдайды. Елу жыл өтті, қарияның қанатты достарына деген қызығушылығы сол қалпы.
Болат Мәдиев, қала тұрғыны:
- Баламыз ғой. Сол уақытта марқұм шешеміз ұрсатын. Жақсы көрген соң рұқсат берді. Содан кейін ұстап жүрдім.
Кептерлер шамамен 10-12 жыл өмір сүреді. 50 жылда қанша құс өсіргенін Болат аға өзі де есептемепті. Қазір қолында 30-дан астам кептер бар. Жазда құстар балапан басады. Адам қолына үйренгенімен, сезімтал құстар көк аспанда жиі қалықтағанды ұнатады.
Болат Мәдиев, қала тұрғыны:
- Көгершінді жібергенде таяқпен басына шүбірек байлап, ысқырасың, сосын биікке кетеді. Олар 2-3 сағат ұшады. Өзі таяғына немесе орнына қонады.
Кептерлерді көбейтуге мүмкіндік жоқ. Себебі, оған қосымша орын керек. Сондықтан, зейнеткер құстарды сатады немесе жәрмеңкеде өзге түрлеріне айырбастайды.
Сара Мәдиева, жары:
- Жан-жаққа қалаларға барып жатады. Сол кезде қарасып, көмектесемін. Суын беріп, жемін беріп, ішін тазаласып, бірге жүреміз. Әбден үйрендік. Балаларымыз да, немерелеріміз де жақсы көреді. Көрші балалар, оқушылар келіп қарайды.
Құстар, жан-жануарлар өздеріне деген қамқорлықты жақсы сезінеді. «Табиғатты аялай білген үлкеннің де, кішінің жамандықтан бойын аулақ ұстары анық», дейді зейнеткер.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.