І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы биылғыдан 2700 теңгеге көбейсе, бала тууға байланысты бірреттік төлем 4,5 мың теңгеге өспек. Сондай-ақ, келесі жылы зейнетке 1960 жылдың шілдесімен желтоқсаны аралығында туған әйелдер шығады.
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің қаншалықты өсетіні әрбір қазақстандықтың көкейіндегі сұрақ. Сонымен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап І топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 715 теңгеге өсіп, 57 021 теңге болады. ІІ топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 163 теңгеге артып, 45 438 теңге болады. Ал, үшінші топтағы мүгедектердің алатын көмегі 30 886 теңге немесе биылғымен салыстырғанда 1470 теңгеге артады. Бала тууына байланысты берілетін бірреттік төлемдер де 4,5 мың теңгеге артпақ.
Райан Жолдықұлова, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің филиал басшысы:
- Бірреттік берілетін жәрдемақының көлемі 2018 жылы 91390 теңге болған. 1 қаңтар 2019 жылдан бастап 95 950 теңге болады.
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы да аздап артады. Мысалы, әкесі немесе шешесінен айырылған толық емес отбасылар бір бала үшін 25 541 теңге немесе қазіргімен салыстырғанда 1200 теңгеге көп көмек алады. Ал, бала кезінен І топ мүгедегін тәрбиелеп немесе күтім жасап отырған отбасылардың жәрдемақысы 1484 теңгеге өседі.
Жанна Меңілбекова, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің қызметкері:
- І топ мүгедек баланың күтіміне және оның асырауына байланысты 2018 жылда жәрдемақы мөлшері 29 698 теңгені құраса, жаңа жылдан бастап 31 183 теңгеге көбейеді.
Сондай-ақ, келесі жылы әйелдер зейнетке биылғыдай 58 емес 59 жастан шығады. Ал, зейнетақы инфляция деңгейінде немесе 7 пайызға өседі. Айыппұлдар мен түрлі салықтарға тікелей қатысты айлық есептік көрсеткіш келесі жылға 2 525 теңге көлемінде бекіді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.