Бесоба тұрғын үй кешенінің тұрғындары 7 жылдан бері баспана ала алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бесоба тұрғын үй кешенінің тұрғындары 7 жылдан бері баспана ала алмай келеді

21.12.2018

Қарағандыдағы атышулы Бесоба тұрғындары әлі күнге баспанасыз жүр. Құлаған үй бұзылып, орнына «Шапағат» деп аталған жаңа ықшам ауданның бой көтере бастағанына 7 жыл болды. Бірақ жұрт баспана тауқыметінен әлі арылмады. Себебі, құрылыс созылып, келісімшарт мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Жергілікті биліктің құрғақ уәдесінен әбден жалыққан тұрғындар Ұлттық арна тілшілеріне шағымданды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Бесоба тұрғындары 7 жылдан бері баспанасыз келеді. Оларға пәтер 2015 жылы берілуі керек еді. Алайда, үш жыл болды құрылыс сағызша созылуда.

Келісімшарт бойынша осы жерден пәтер алуы тиіс тұрғынның бірі - Бақытжамал Ибраева. Бесоба кешеніндегі 2012 жылғы адам шошырлық апаттан соң көршілес үйдің де тұрғындары түгел көшірілгені белгілі. Содан бері Бақытжамал Ибраеваның отбасы тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай жүр. 

Бақытжамал Ибраева, қала тұрғыны:

- Келісімшартта 2015 жылы сіздерге пәтер беріледі деп жазылған. 2018 міне, бітті. Ал, пәтеріміз әлі жоқ.

Бесобаның орнына жергілікті билік «Шапағат» атты жаңа тұрғын үй кешенін сала бастағанына 7 жыл. Алайда, осы күнге дейін 115 отбасы пәтер алмаған. Соның 51-і келісімшарт негізінде жеке меншік құқығына ие тұрғындар. Ал, 64-і - үлескерлер. Апаттан соң құрылыс кешеуілдеп, мердігерлер жыл сайын қымбатшылыққа ұрынған. Мәселен, әу баста тұрғын үйді салу үшін әр шаршы метріне 90 мың теңгеден есептелсе, енді ол 250 мың теңгеге бірақ шыққан.

Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл тұрғын үй кешенін салар кезде шаршы метріне шаққанда бөлінген ақша мүлдем аз екенін анықтадық. Үкіметтің резервінен 1,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Бірақ, сол кездің өзінде нақты бағасы 2,5 миллиард теңгеге жеткен еді. Қалған шығынды құрылыс компаниясына тұрғын үйдің бір бөлігін беру арқылы есептесеміз деп жоспарладық. Алайда, инвестор оған қауқарсыз болған соң, басқа инвестор іздедік. Құрылыс осының да салдарынан кешікті.

Тұрғын үй кешенінің бірнеше секциясы әлі толық бітпеген. Тек 11-ші кіреберістегі 17 пәтердің кілті жаңа жыл қарсаңында табысталмақ. «Ал, қалған тұрғындардың мәселесі тек келер жылдың бірінші тоқсанында шешіле бастайды», - деді жергілікті билік өкілдері. Тұрғын үйді арнайы комиссия қабылдап алған соң мердігерге үш жыл кепілдік мерзімі жүктеледі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу