Шыршаларды заңсыз кесетіндерге қарсы жұмыс күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шыршаларды заңсыз кесетіндерге қарсы жұмыс күшейді

21.12.2018

Шығыс Қазақстанда заңсыз шырша кесушілерге қарсы күрес күшейді. Қылқан жапырақты орманды отап, оңай олжаға кенелмек болғандарға тосқауыл қою үшін табиғат қорғаушылар тәулік бойы кезекшілікке шықты. Орманды алқаптарға апаратын жолдардың бойына 40-қа тарта бақылау-өткізу бекеті қойылып, 89 жедел топ құрылды. Орманшылар әр көлікті 1 желтоқсаннан бастап жіті тексеріп жатыр. Қылқан жапырақты ағаштар қалың өсетін Зырян және Катон-Қарағай ауданы, Риддер мен Семей қаласының қасындағы орманды алқаптар ерекше бақылауда. Ал, мектеп, балабақша сияқты мекемелер жаңажылдық шыршаны арнайы рұқсат қағаз арқылы ғана алады. Шыршаны заңсыз кескендер анықталса, Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартылады. 

Досым Ризеденов, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Шыршаны заңсыз кескен адам 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде залалды төлейді және ҚР Қылмыстық Кодексінің 340-бабы бойына қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ары қарай 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салынады. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу