
Алматыдағы бизнес-форумда тараптар шағын және орта бизнестен қазынаға кіріс келтіріп, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында инвестиция тарту мәселесін қаузады.
Мұнай-газ, туризм, ағаш өндеу өнеркәсібі дамыған Саравак штатының экономикасына бүгінде инвесторлар қомақты қаржыны құйып, кәсібін жандандыруда.
Ондағы экспорт өткен жылы 871 миллион долларды құраса, импорт 179 миллион долларға тұрақтады. Осындай жетістігімен танылған малайлықтар енді біздің елмен әріптестікті күшейтіп, Қазақстанға 1 миллиард доллар инвестиция құюға ниетті.
Амар Хаджи Аван Тенга бин Али Хасан, Малайзия делегациясының басшысы:
Қазақстан қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Табиғи бай ресурстарыңызды айтпағанда агробизнес, құрылыс саласы қызықтырып отыр. Келешекте біз кіріс келтіретін жаңа механизмдерді бірлесіп ойлап табуға тиіспіз.
Электронды өнеркәсіпте Малайзия көш бастап тұр. Олардың бұл бағыттағы тәжірибесі тілді дамытып, рухты көтеретін заманауи электронды қазақ үй құралын жасаушылар үшін таптырмайды. Инвестиция салуға мүдделіліктерін білдірген малайлықтарға ел кәсіпкерлері де өз ұсыныстарын жеткізді.
Дәлелхан Талыбай, «Ұлас -Электрон» ЖШС бас кеңесшісі:
Электронды сандық технологиялардың мүмкінішіліктерін қолдана білгенінің арқасында олар әлемдегі 17 мемлекеттің қатарында. Соған халқын қалай жұмылдыра білді, соны зерттеуіміз керек. Сонда Президентіміз айтып отырған әртрүрлі бағдарламаларды іске асыра аламыз.
Айнұр Ысқақова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Алматы филиалының басшысы:
Біз өткен жылы Ислам банкінен алған 100 миллион доллар қаржыға Алматы облысындағы 16 ауданға шағын несие беріп, ауыл шаруашылығын өркендеттік. Биыл өзі табысымыздан қаржыландырып отырмыз. Егер елге келіп жатқан инвесторлар төменгі пайызда қаражат құятын болса, ауылдағы шаруа қожалықтарының жұмысы бұрынғыдан да жандана түспек.
Екі ел тауар айналымы өткен жылы 123 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Тараптар енді бұл көрсеткішті потенциалды инвесторларды бір-біріне тарту арқылы ілгерілетпек.
Айгүл ЕРМАХАН
