Тәуелсіздік мерекесі күнінде Алматы облысында көші-қон қызметтерінің орталығы ашылды. Мұнда шетелден Қазақстанға келетін азаматтарға қызмет көрсетіледі. Жалпы, Алматы облысына сырттан жылына қанша адам келеді? Орталықтың қызмет көрсету мүмкіндігі қандай?
Жаңа орталық Іле ауданы, Өтеген батыр кентінде орналасқан. 2 қабатты ғимаратта бірнеше қызмет түрі «Бір терезе қағидаты» бойынша көрсетіледі. Бұл әрине, шетелдік азаматтар үшін ыңғайлы. Өйткені, қала кезіп анықтама іздеп жүрмейді. Сақтандыру агенттері, медициналық мекемелер мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері де осында.
Ержан Алтаев, облыстық Көші-қон қызметінің басшысы:
- Осыған дейін шетел азаматтары медициналық сараптаманы бір мекемеде өтіп, басқа мекемелерге барып тағы да жүгінсе, оның уақыты бір аптаға дейін созылып кететін. Ал, бұл орталықта мәселе бір күнде шешіледі.
Орталықтың күніне 50-60 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Мұнда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 10, көші-қон қызметінің 5 маманы жұмыс істейді. Орталықта барлық қызмет түрі сандық жүйемен жүргізіледі. Бұл жемқорлықты болдырмауға сеп.
Жандос Жұмабаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары:
- Қызмет алушылар мен қызмет берушілердің тікелей қарым-қатынасы бұл жерден жойылады. Бар алынатын қызметтер электронды форматта.
Мамандардың айтуынша, Алматыға шетелден жұмыс іздеп келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл 200 мыңнан астам адам шекарамыздан өткен. Олардың 61 мыңы еңбек ету үшін берілетін рұқсат қағаздарын алған.
Аманкелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.