Жамбыл облысындағы бірнеше ауылға су берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы бірнеше ауылға су берілді

14.12.2018

Жамбыл жұртшылығы да Тәуелсіздік мерекесін тойлауды бастап кетті. Ұлттық мейрам қарсаңында ашылған ондаған әлеуметтік нысан бұл думанға дүбір қосуда. Әсіресе, талай жылдар су тапшылығын тартып келген 4 елді мекен орталықтандырылған құбырға қосылып отыр.

Ауылдағы орталықтандырылған су жүйесі ескіріп, істен шыққалы біраз болған. Содан бері талай жылдар бойы суды шақырым жердегі құдықтан тасып, ішіп келді.

Бақдәулет Бердібеков, ауыл тұрғыны:

- Қыста су көп кетеді. Бала кезден тасып келе жатырмыз. Су кіргізіп берсе, қиыншылықтың бәрі қалатын еді деп ойлаймыз.

Бүгін төрт бірдей елді мекенде су тарату станциялары ашылды. Таза суға қолы жеткен шалғай ауылдардың арасында тау бөктерінде орналасқан Қызыләуіт ауылы да бар.

Әзімхан Аяпбергенов, ауыл тұрғыны:

- Су келіп жатқанына қуаныштымыз. Ауыл тұрғындары үйге кіргізіп алып, қызыққа бөленіп жатыр.

Өңірде соңғы 20 жылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 181 ауылға таза су кірді. Осылайша, аймақтағы ауызсу жүйесі 50 пайызға жаңартылып отыр. Сондай-ақ, 12-і көпқабатты тұрғын үй мен 7-і дәрігерлік амбулатория, 4 балабақша пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында ел игілігіне берілген әлеуметтік маңызды нысандардың бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсарта түсері анық.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу