Түркістан облысында тозығы жеткен 508 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тозығы жеткен 508 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жасалады

13.12.2018

Түркістан облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша тозығы жеткен 508 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жасалады.  Биыл алдымен облыс орталығы  мен Арыс қаласындағы 20 баспананың кем-кетігі жөнделіп, инженерлік  жүйелері қалпына келтірілді. Осылайша әбден ескіріп, сәулеті сұрықсызданып кеткен үйлер жаңартылып, шаһардың сәулетіне сән қосып жатыр.

Мына бес қабатты үйдің тұрғындары биыл жаңа пәтерге қоныстанғандай қуанып жүр. Түркістанның орталығындағы бұл баспана салынғалы бері  42 жылдың ішінде ешбір жөндеу көрмеген-ді.  Биыл тозған шатыр жаңарды. Құзданған қабырғалар қайта сыланды.  Шіріген коммуналдық жүйе ауыстырылды.  Жертөле тазарды.  

Айткүл Асанбаева, Түркістан қаласының тұрғыны:

Жаңа үйге кірмесек те, жаңа үйге кіргендей болдық. Ремонт жасап,  жақсы болып қалдық. Бесінші қабатта тұрамын. Су ағатын балкондардан су ағып тұратын. Әзір жақсы.

Тұрғын үйлердің  сұрқай тартқан қасбетіне де рең кірді. Айшықты бояуымен қазір алыстан көз тартады. Үйлердің алдында ойын және спорт алаңшалары жасақталған.  Аулада  еркін тыныстап, тынығуға болады.

Несібелі Сансызбаева, Түркістан қаласының тұрғыны:

Ойын алаңдары, футбол алаңдары  салынды. Балаларға жақсы болып қалды ойнайтын. Босқа сандалып жүрмейді. Ана жерге барып, күнделікті футбол ойнайды.

Жалпы, бүгінгі таңда облыста  бір жарым мыңдай көпқабаты тұрғын үй бар. Оның 34 пайызының әбден тозығы жеткен. Алды өткен ғасырдың 35-40 жылдары салынған баспаналар.

Бақытбек Убайдин, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының  бөлім басшысы:

Іс-шара бойынша 508 үйді 2025 жылға дейін жөндеуге жоспарлап отырмыз. Оған 4,5 млрд. теңге бөлінеді. Ол қаржы қайтарымды қаржы. Револьвер түрде  келесі жөндеуді қажет ететін үйлерге жұмсалады.

Қол алынған осы тірліктің  арқасында 102 мың 400 отбасының баспанасы жаңартылады. Бұл іс өңірдегі Шардара, Сарыағаш, Арыс, Кентау мен Ленгр, Жетісай  секілді шағын қалалаларда да жүреді. Сондай-ақ апатты  күйдегі 18 тұрғын үйдің орнына жаңасы салынады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу