Оралда шекаралас аймақтар форум-көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда шекаралас аймақтар форум-көрмесі өтті

10.06.2014
Оралда шекаралас аймақтар форум-көрмесі өтті
Орал қаласында «Қазақстан-Ресей. Аймақтардың шекаралас ынтымақтастығы» халықаралық форум-көрмесі өтті. Оған Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарынан 100-ден астам кәсіпорын қатысты. Сондай ақ, Ресейдің Саратов, Самара, Белгород, Мәскеу қалаларының бизнес өкілдері де өз өнімдерін ұсынды.
 
Батыс Қазақстанмен Ресейдің шекаралас бес облысы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісім бар.
 
Әріптестік қатынастар Кеден одағы құрылғаннан бері жаңа деңгейге көтерілді. Өткен жылы Орал өңірінің көрші елмен сыртқы саудасы 28,3 пайызға өсті. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту - шекаралас аймақтар форумының басты мақсаты.
 
Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз осы форумнан кейін екі жақтың да іскер адамдары, бизнесмендері өздеріне қажетті мағлұмат ала отырып өздерінің істерін алдыға қарай жүргізуге мүмкіншілік табады деген үлкен сенімдеміз.
 
Юрий Берг, Орынбор облысының губернаторы:
Әріптестік қатынастар артып келеді. Бүгінде шекара, екі елді бөлетін кедергі емес, достық пен ынтымақтастықтың белдеуіне айналып отыр. Бұған дәлел - ықпалдастықты көздеген бүгінгі форум.
 
Халықаралық көрмеге қатысқан 50-ден астам ресейлік компанияның басым бөлігі Орынбор облысынан. Қаз-қатар тізілген мына қазандықтар мен пештер Новосергиев механикалық зауытының өнімдері.
Батысқазақстандық кәсіпкерлермен бұрыннан әріптес компания биыл серіктеске айналып, бірлескен өнім шығара бастады.
 
Александр Салтанов, Новосергиев механикалық зауытының бас директоры:
Біз Орал және Ақтөбе өңірлерімен тығыз байланыстамыз. Осы айдан бастап Орал қаласында қазақстандық «Аквогаз» серіктестігімен бірлесе орта қуаттағы өндірістік қазандықтардың өндірісін жолға қойдық. «Жайық» аталған жаңа өнімнің алғашқы легі өткен жұма күні сатылымға шығарылды.
 
Жарты жыл болды «Жайық ет» серіктестігі Орынборға шұжық экспорттайды. Әсіресе халал стандарты бойынша дайындалған өнімдеріне сұраныс жоғары. Компания басшысының ойынша, көрме ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді.
 
Темірғали Ескендіров, «Жайық-Ет» ЖШС директоры:
Орынбор облысынан бір-екі компания хабарласқан. «Соседушка» деген супермаркет, сосын тағы бір әріптесіміз. Осында кездесеміз.
 
Екі күнге созылатын форум барысында серіктестік байланысты дамыту тақырыбын талқылаған түрлі кездесулер өтіп, екі облыстың кәсіпкерлер палаталары арасында хаттамаға қол қойылмақ.
 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу