Астаналық жалғызілікті ана үш баласымен далада қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық жалғызілікті ана үш баласымен далада қалуы мүмкін

13.12.2018

Атырау облысында әкімдердің кесірінен 227 адам жер кезегінен шығып қалды. Өзге өңірлерде де жер қатынастары саласында жағдай мәз емес. Бұған адвокат әрі сарапшы Бақытжан Базарбек жұртшылықпен кездесу барысында көз жеткізген. Ақтаудан бастап аралаған маман бүгін сапарын Астана қаласында түйіндеді.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Жалғызілікті ана үш баласымен далада қалуы мүмкін. Отбасының саяжайдағы қонысын мемлекет мүддесі үшін керек деп даулап отыр. Егер өтемақысы берілер болса, Тоғжан үйінің бұзылуына қарсы емес. Себебі, 60-қа жуық көршісінің қалауы қанағаттандырылған. Ал, Тоғжанның айыбы –  баспанаға мемлекеттік актісі жоқ. «Бірақ, ол оны алу үшін 6 жылдан бері табан тоздырып жүрмін», дейді. 

Тоғжан Мангереева, қала тұрғыны:

- «Мой мирный дом» деген фирма алып жатыр. Бүкіл өтемақыны Үкіметтің шотына түсірді. Ал, ол шоттан бізге бермей жатыр. Бізге 180383 теңге айыппұл салынды. Ондайға жағдайым жоқ.

Міне, осы мәселе маманның құлағына да жетті.

Бақытжан Базарбек, Жер қатынастары мәслелері бойынша сарапшы, адвокат:

- Сіздің жағдайда тереңірек үңілу керек. Хаттама бар ма? Егер Бау-бақша қоғамдастығының мүшесі ретінде хаттамаңыз тіркелген болса, онда қорқатын дәнеңе жоқ. Мемлекеттік актінің рәсімделмегені үлкен мәселе емес. Түбінде сотпен шешіледі.   

Бұл - сарапшының жұртшылықпен 17-ші жүздесуі. Бұған дейінгі кездесуінде Атырау өңірінде 227 адамның жер тізімінен шығып қалғаны анықталды. Сондағысы  әкімдер тіркеу журналын жоғалтып алыпты. Семейде де күлкілі жағдай. Қаладағы 31 мыңнан астам халықтың қатарында 3274 тұрғын атымен жоқ. Тағы бір өзекті мәселенің бірі – жергілікті билік аукцион өткізбей, жерді заңсыз бере берген. Соған қатысты 3 мыңдай шағым түскен. Енді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Бас Прокуратура және тиісті агенттік арасында жұмыс тобы құрылмақ.  

 Жазира Жылқышиева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:

- Агенттікке қатысты болсын, болмасын азаматтар бізге жүгінді ме, біз оны барынша, мүмкіндігінше шешуге тырысамыз.

Жалғызілікті ананың жағдайы жиыннан соң мұқият қаралатын болды. Жалпы, жүздесу тек сұрақ-жауап күйінде өтпейді. Құқықтық көмек берумен қатар, мәселенің түбегейлі шешілуіне де ықпал етеді. Өйткені, жердің төңірегінде жемқорлық дерегі жетерлік. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу