Оның құрамында сүт қышқылы бактериялары мен түрлі дәрумендер бар. Технологтардың айтуынша, бұл дәрумендер зат алмасу мен қан айналымын жақсартып, ағзадағы улы токсиндердің тез шығуына әсер етеді.
Бұл - 7-8 адам ғана жұмыс істейтін шағын наубайхана. Осы жерде Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері институтының мамандары ағзаға пайдалы нан өнімдерін жасаудың технологиясын ойлап тапты. Ғалымдар бұл жобаны «Ғылым» қорының қолдауымен 2 жыл бұрын бастаған. Мұндағы түрлі нан мен тәтті тоқаштар тек табиғи өнімдермен байытылған.
Ажар Амантаева, жоба жетекшісі:
- Біздің ерекшелігіміз - сүт қышқылы бактерияларымен қоса, дәрумендер, көкөніс, жеміс ұнтақтарын қосып жатырмыз.
Наубайханада тәулігіне 800 келі өнім өндіріледі. Табиғи жеміс пен көкөніс ұнтақтары қосылған сапалы өнімге қазір қаладағы білім беру мекемелерінің асханаларынан сұраныс көп.
Сәуле Қазыбаева, қалалық ата-аналар ұйымының мүшесі:
- Бізде асқазан қышқылдылығы жоғары болатын. Осы нан өнімдерін қолданғаннан кейін, баланс түзеліп, асқазан қыжылы басылды.
Ғалымдар наннан бөлек, табиғи сүттен ірімшік, йогурт жасауды да қолған алған. «Өйткені, бүгінде елдің нарығындағы кейбір сүт өнімдерінің құнары жоқ», дейді олар.
Өрісбек Шоманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Сапалы табиғи сүтіміз өндіріске жете алмай жатыр. Ал, басқа жақтан алып келіп жатқан заттарға соя қосылған. Ол сапасыз.
Мамандар енді табиғи нан және сүт өнімдерін ел нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Өйткені, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісін Елбасы жыл сайын қадап айтып, тапсырып келеді.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.