«Сыбаға» бағдарламасымен несие алған қарағандылық 100-ге жуық фермер қарызға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сыбаға» бағдарламасымен несие алған қарағандылық 100-ге жуық фермер қарызға батты

11.12.2018

Шарасыз шаруалар жергілікті биліктен араша сұрады. Жазда әрқайсысы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және аграрлық несие корпорациясы арқылы миллиондаған несие алған. Сөйтіп, үш ай ішінде шетелден мал әкелуі керек еді. Алайда, баға өсіп кетті, әрі фермерлердің көбі мал сатып алатын көршілес Ресейдің біраз аймағында аусылға байланысты карантин жарияланды. Ақыры шаруалардың қолдағы ақшасы құнсызданып қалды.

Әрқайсысы 25-30 миллион теңгеден несие рәсімдеген фермерлер үш ай ішінде барлығы 6900 бас асыл тұқымды мал сатып алуы тиіс еді. Қазір соның 1200-і ғана Қазақстанға жеткізілген. Себебі, сұраныстың көптігінен Ресейде мал бағасы қымбаттап кеткен. Мәселен, шаруалар несие алған кезде бір бас малдың құны 500-600 мың теңге шамасында болса, қазір 800 мың теңгеге дейін көтерілген. Жол шығыны тағы бар. Осының салдарынан мал сатып ала алмаған шаруалар енді қаржыны мерзімінде игермегені үшін айыппұл да төлеуі керек.

Серік Бекежанов, фермер:

- Бізге үш ай мерзім берген. Үш айдан кейін алмасақ, 25 пайыз айыппұл төлейсіңдер деді. Қорға барған жоқпыз. Мәселеміз әлі шешілген жоқ.

Ал, жалпы «Сыбаға» бағдарламасының талаптары бойынша асыл тұқымды мал тек шетелден жеткізілуі шарт. «Бізге ең жақыны, әрі қолайлысы Ресей болып тұр», - дейді шаруалар. Бірақ, аусыл шыққан соң көршілес елдің біраз аймағында карантин жарияланған. Ал, аурудан таза аймағы бағаны шарықтатып жіберген. Бұған қоса, ресейлік фирмалардың көбінің құжаттары дұрыс емес.

Азамат Сатыбалдин, фермер:

- 25 миллион теңгені 40 басқа алдым. Бір басына 625 мың теңгеден. Екі рет Ресейді аралап келдім. Мал тапқанның өзінде олар кеденнің реестр тіркеуінде жоқ. Жақсы малдар бар. Бірақ, реестрде жоқ. Ал, енді реестр бар болса, олар бағаны көтеріп жіберген.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы қазір мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр.

Сағынжан Апақашев, Қарағанды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Республика бойынша бірыңғай оператор болса деген ұсынысымыз болды. Бірақ, кейбір операторлар бағаны өсіріп жіберді. Енді осыны шешетін қаржы институттары. Қаржы институттарына барып, қайтадан келісімшарт жасау керек. Аграрлық несие корпорациясының Қарағанды филиалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды филиалы өздері шеше алмаса, онда республикаға шығамыз.

«Мойындағы миллиондаған қарызды енді тек шетелден мал әкеліп, соның өсімімен қайтарудан басқа жол жоқ», - дейді шаруалар. Ал, мәселе облыс деңгейінде шешілмесе, фермерлер Ауыл шаруашылық министрлігіне шағымданбақ. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу