Түркістан облысында сәби өлімі азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында сәби өлімі азайды

11.12.2018

Медицина қызметі сапасының артқаны және сәбилердің сырқатын ерте бастан анықтау нәтижесінде Түркістан облысында сәби өлімі 16,2 пайызға кеміп отыр. Сондай-ақ, жергілікті дәрігерлердің шетелдердегі жетекші клиникаларда біліктілігін арттыруы да қайғылы жағдайлардың азаюына себеп. Тәжірибе алмасуға негізделген осындай әріптестік аясында  өңірдің бір топ балалар дәрігері Оңтүстік Кореядағы ірі медициналық орталықта екі апта бойына ем тәсілдерді үйренді.

Корей медицинасының қыр-сырына қанықпақ болғандардың бәрі Түркістан облысындағы перинаталды орталық дәрігерлері. Олар негізінен жүрек ақауымен туатын балаларды шетелдіктердің қалай емдеп жатқанын көріп, үйренді. Дерт жабысқан шарананы аман алып қалудың бірден-бір жолы оны ерте, анасының ішінде жатқан кезде анықтау. Ол үшін кореялық дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеуге барын салады. Тексеретін қондырғылар да соған сай. «Біздегіден әлдеқайда жетік», - дейді олар.

Бақытжамал Қожанова, Түркістан облыстық №3 перинаталды орталығының неонатолог дәрігері:

- Баланың басында, жүрегінде кемшіліктері болмауы үшін күзетеді. Бақылайды. Сол деңгейлері өте жоғары.

Орта есеппен алғанда, еліміздің түстігінде жылына мыңға тарта нәресте түрлі кемістікпен туады. Шетелдік медицинаның тиімді әдіс-тәсілдерін үйренудің нәтижесінде соңғы кездері бұл балалардың жартысынан көбі кемтарлықтан айығатын мүмкіндікке ие болды. Тек биылдың өзінде өңір дәрігерлерінің 4,350-і облыс деңгейінде, 1716-і республика деңгейінде білім жетілдірді.  Біліктілік арттырды.

Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Корей мемлекеті мен Ресейде, Новосибирск, Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларымен, Израиль, көршілес Өзбекстан мемлекетімен қарым-қатынасты күшейтіп жатырмыз. 2018 жылы 10 айда 63 маман шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырды.

Сондай-ақ, шетелдік клиникалармен жасалған келісім бойынша олар жыл бойына бернеше рет өңірге барып, асқынып тұрған ауру түрлерін емдеудің өзіндік тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай ынтымақтастық келер жылы да жалғаспақ.   

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу