Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданының жұрты бастарын қатерге тігіп, жұқа мұз үстімен жүруге мәжбүр. Сарылып паром күтіп төзімі таусылғандар қауіпті болса да, «Қызыл ту» өткелімен өтіп жатыр. Күршім ауданы мен Өскеменнің ортасындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы мұз үстімен жүруге әлі ресми түрде рұқсат берілмеген. Өйткені, су беті қалың қата қоймаған.
Паром - күршімдіктерді 50 жылдан бері титықтатып келе жатқан ең үлкен түйткіл. Су көлігіне үлгеру үшін халық таңмен таласа тұрып, Бұқтырма жағасына қарай ағылады. Көпшіліктің көздегені - ерте көктемнен мұз қатқанға дейін бір жағадан екіншіге кезек-кезек жүретін кемеге жайғасу.
Кейде ерте келгеннен де пайда жоқ. Себебі, көлік көп болса, паромға сыймай қалады. Соңғы күндері жұрт жағада 4-5 сағаттан күтуге мәжбүр. Өйткені, екі паромның біреуі ғана істеп тұр. Ол мұзды жарып, ары-бері барып келгенше талай уақыт керек.
Сейтәшім Рахимов, Күршім ауылының тұрғыны:
Мұз қатып қалған, дұрыс жүре алмайды. Біз осында таңертең 09:30-да келгенбіз, қазір 14:30 болды, әлі тұрмыз. Көлік өте көп. Кішкентай балалар бар. Жаңа бір паромға сыймай қалдық.
Сағаттап күтуден жалыққандар мұздың үстімен төте тартып кетуден де тартынбайды Негізінен енді біраз уақыттан кейін көлік біткен тегіс өткелден осылай-ақ өтеді. Бірақ, алдымен арнайы комиссия мұздың қалыңдығын тексеріп, жергілікті билік арнайы рұқсат беруі тиіс. Дәл қазір өткел ресми түрде ашылған жоқ.
Анатолий Рожков, «Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» ММ Бас құтқарушысы:
Өте қауіпті. Өйткені, мұз әлі жұқа. Қазірдің өзінде мұз астына түсіп мерт болған бір адам бар. Қараша айында осылай балықшы қайтыс болды. 24 қарашада «Бұқтырма» су қоймасында мұзға түсіп кеткен бір көліктен 4 адамды құтқардық.
Күршімнен Өскеменге Алтай мен Зайсан ауданы арқылы да жетуге болады. Бірақ, жол ит арқасы қиянда. Қосымша шығыны бөлек, қыруар уақыт кетеді. Сондықтан, күршімдіктер көптен бері осы жерде көпір салынғанын көксейді
Қыдырғали Құмарбекұлы, Ұшбұлақ ауылының тұрғыны:
Халыққа жан ашу деген болмай ма?! Сонда мал құрлы құнымыз жоқ па?! Халық ауылдан қалаға не үшін көшіп жатыр, осы жолдың қиындығы, өткелдің жоқтығы. Мұны айтатын кісі де аз.
Мамандардың мәліметі бойынша, көпір тұрғызуға шамамен 30 миллиард теңге керек. Қомақты қаржы бөлініп, құрылыс алда-жалда бастала қояды деп ешкім айта алмайды. Сондықтан, «Қызыл өткелдегі» жұрттың жағадағы жалғыз шайхананы жағалап, сағаттап паром күтуден басқа амалы жоқ.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.