Инвестициямен өркен жайған өндіріс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвестициямен өркен жайған өндіріс

10.06.2014
Инвестициямен өркен жайған өндіріс
Елімізде шетелдік инвесторлардың көмегімен сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі – Жамбыл облысындағы цемент зауыты. Қазақстан мен Франция тарапынан қолдау тапқан кәсіпорын бас-аяғы екі жарым жылдың ішінде іске қосылды.
 
Бүгінде толық қуатымен жұмыс істеп тұрған өндіріс орны елімізде өндірілетін цементтің 15 пайызын шығарады. Зауыт өнімі өңірде тұрғын үй және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына молынан пайдаланылып жатыр.
 
Зауыт өнімі бүгінде «Жамбыл цемент» деген атпен танымал. Әркез сапасымен мақтанады. Есесіне бағасы аразан. Оған бірнеше себеп бар. Цементке қажет шикізатты алыстан тасымайды. Жергілікті жерде мол қоры бар. Бұған қоса өнім зауытта құрғақ тәсілмен өндіріледі. Бұл өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетіп отыр.
 
Анатолий Медюков, цемент зауытының директоры:
Зауыт бүгінгі таңда толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Қазір жылына 1 миллион тонна өнім шығарып жатырмыз. Бұған әрине ең алдымен мұндағы инвестициялық ахуалдың қолайлы болуының арқасында қол жеткіздік.
 
Зауыт түгелдей озық техникалық қондырғылармен жабдықталған. Өнім сапасы әр өндірістік саты сайын тексеріліп отырады. Соның нәтижесінде кәсіпорынның қоршаған ортаны ластауы қалыпты мөлшердегіден де төмен. Залалы аз.
 
Николай Гепнер, инженер-оператор:
Жұмыс тұтастай озық технологияға негізделген. Өте ыңғайлы. Барлығы автоматика. Қондырғылар қысымдағы кішігірім өзгерістің өзін айқын дәлдікпен көрсетіп тұрады. 
 
Бүгінде кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етеді. Дені жергілікті азаматтар. Зауыт өндірісті өркендетумен қатар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен сол маңдағы тұрғындардың ахуалына да айырықша көңіл бөліп отыр.
 
Мыңарал кентіндегі әлеуметтік жобаларды ұдайы қолдап отырады. Ендігі жерде қызметкерлеріне арналған тұрғын үй қалашағын одан әрі кеңейтпекші.
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу