Отандық дизайнерлер көмекке мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дизайнерлер көмекке мұқтаж

30.11.2018

Олар «шағын кәсіпкерлікке жеткілікті дәрежеде жәрдем көрсетілмейді» деп дабыл қағуда. Осылай деген сәнгерлер «Атамекен» палатасының өкілдерімен, Шағын кәсіпкерлікті қолдау басқармасының мамандарымен кездесіп өз уәждерін жеткізді. Айтуларынша, мемлекеттік баж бен салық төлемдерінің құны тым көп. Оған кеткен шығынды тауар сатып өтей алмайсың. Кейбір өнімдерді қолдан жасағаннан кейін ол заттың бағасы қымбат болады. Ал, оны қара халық ала бермейді. Тек тапсырыспен ғана, болмаса тұрақты тұтынушылар сатып алады. Одан түскен кіріс қаражаты, дүкенді жалдау құнын, шетелден жеткізілген құрал-жабдықтарға кеткен шығынды жаппайды. Тағы бір мәселе, қазақстандық дизайнерлердің жасап шығарған өнімдерінің көшірмелерін жасауға тосқауыл болмай тұр. Мәселен, қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттап жүрген сәнгер Аңсаған Мұстафаның жеңіл жейделері базарларда қаптап кеткен. Сотқа шағымдана да алмайды. Себебі, қара базарда сатылған затқа түбіртек берілмейді. Сатушылар қытайдан алдырттық депті. Ал өзге елдің азаматымен соттасу үшін, өнімді сол елде патенттеп алу керек екен.

Аңсаған Мұстафа, дизайнер:

- 1,5 жылда қолдан жасау жан-жақтан қаулап кетеді деген ой келген жоқ. Әділет министрлігіне бардық, олар патенттеп ал, содан кейін әңгімемізді жалғастырамыз деді. 200 мың төлеп патентке бердік. Ал, енді 9 ай күтіңдер дейді. Сөйтіп1,5 жылдай уақытым босқа кетті.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу