Қазақстандық дизайнерлердің киімдері Франция жұртын тамсантты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрі «Ұлы даланың жеті қырын» көпшілікке паш ету үшін Парижде қазақстандық сәнгерлер өз топтамаларын көрсетті. Еліміздің Франциядағы елшілігі осылайша үш ай бойы ұйымдастырылған «Франциядағы Қазақстан күзі» шарасын қорытындылады. Атақты Пьер Карден бастаған француз дизайнерлері енді қазақстандық сәнгерлермен қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті.
Талғамы биік француздарға топтамасын көрсетуге бұл жолы Айдархан Қалиев, Қайролла Әбішев пен Ақбота Тоқтасынова келіпті. Бірі «Дала көктемі» деген атпен түрлі-түсті бояуға қанық костюмдерін, енді бірі «Әміре», «Ән салатын бархан» коллекциясын көпшілікке ұсынды.
Қайролла Әбішев, дизайнер:
- Біздің қазақтың ұлттық киімі мықты. Соны шетелге көрсеткім келді. Қазіргі жастар біздің көрсеткенімізге қарап, біздің ұлттық киімді киіп жүрсе деп армандаймын.
Ұлттық киімнің мықтылығы сонша, француздарға жараса кетті. Жергілікті модельдер қазақ сәнгерлерінің топтамасын көпшілікке таныстыру бақыты бұйырғанына разы. Әнші Гүлнұр Оразымбетова мен «Бастау» тобы көрсетілімді әнмен әрлеп, жерлестеріне рухани қолдау көрсетті.
Тойға киетін үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, спорттық киімдер-бәрі ұлттық нақышта тігілген. Францияның үздік дизайнерлері, сән сыншылары қазақтың қамзолы мен шапанының түр-түсіне, матасы мен тігісіне дейін қағазға түсіріп, ой қорытты.
Хинд Джудар, «Oriental fashion show» бас директоры:
- Мен қазақ дизайнерлерінің жұмысымен былтыр бірінші рет Алматыда өткен қазақ сән апталығына барғанда танысып едім. Бүгін де ешкімге ұқсамайтын ерекше туындыларды көрдім. Қазақ сәнгерлерінің тапқырлығына таңмын. Оларда еркіндік басым және әлеуеттері өте жоғары.
Жорж Бедран, дизайнер:
- Құттықтаймын! Көрсетілім өте керемет. Париж сәннің астанасы болған соң бізді таңғалдыру қиын деп жатады. Бірақ, бүгінгі топтама, стиль маған қатты ұнады. Қазіргі заманның киімдері қазақтың ұлттық оюларымен безендіріліп, өзіндік қолтаңбасымен жасалған, ғажап.
Аң стилінде тігілген киімдер де француздардың қызығушылығын арттырды. «Аң стилі өнері» ежелгі қазақтың көркем болмысы мен рухани байлығының көрінісі екеніне Президент Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше тоқталған. Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев француздарға сол мақалада айтылған орамды ойларды жеткізді. Ұлттық құндылықты сақтай отырып, жаһандану көшіне ілескен қазақ сәнгерлерімен француз дизайнерлері іскерлікті арттырмақ ниетте. Әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген жерлестеріміз енді Парижде жеке дүкендерін ашуды көздеп отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.