Агроөнеркәсіпке қаржы екі есе көп бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агроөнеркәсіпке қаржы екі есе көп бөлінеді

28.11.2018

Елімізде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бөлініп келген мемлекеттік субсидияның 20 түрі қысқарады. Одан үнемделген қаржы несие мен лизингтің үстемақысын азайтуға, фермерлердің  техника мен технологияға оңтайлы қол жеткізуі үшін жұмсалмақ. Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бүгін Түркістан облысындағы  бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, осындай өзгерістер жайын түсіндірді. Мұндай жаңашылдық Елбасы Жолдауындағы өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге көбейту міндетінен туындап отыр. Министрлік тарапынан ішкі нарықты қорғау және сыртқы сауданы ұлғайту бойынша бүгінде бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Шетелдермен арадағы ветеринариялық және фитосанитарлық талаптар үйлестірілді. Сауд Арабиясы, Иран, Біріккен Араб әмірліктеріндегі ет өнімдеріне қойылған шектеулер алынды. Вице-премьер Шымкент қаласында да кездесу өткізіп, Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жайын сөз етті. Шаһарда келешекте агроиндустриалды аймақ құрылмақ. Оған тартылған 20 миллиард теңге инвестицияға 40 кәсіпорын іске қосылады.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламаның мақсатына қол жеткізу үшін жыл сайын 100 млрд. теңге, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінің басым жобаларына қолжетімді кредит беру үшін 200 млрд. бөлінетін болады. Сонда тағы екі есе өсіп отыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу