СҚО-да жаңажылдық шырша құруға қаражат бөлінбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да жаңажылдық шырша құруға қаражат бөлінбейді

27.11.2018

Шымкент шаһарын жаңажылдық безендіруге 70 миллион бюджет қаржысы жұмсалса, Солтүстік Қазақстан облысы бұл масқатқа бір тиын да бөлмейді. Бүгін Астанада екі өңірдің басшысы баспасөз мәслихатын өткізді.  Олар әкім  ретінде алғаш рет Астанада брифинг өткізген Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов. 

Дулат Абибуллаев, тілші:

Шымкент әкімі әріптестері секілді үстелде отырып емес, мынадай мінберге шығып сөйледі.  Шымкент шаһарының жетістігі мен жоспарын жіпке тізді. Мысалы, енді қалаға сырттан келетіндермен күрес күшеймек. Себебі, олар жасайтын қылмыс көбейген. Қалаға 50 мың бейнекамера орнатылып, әрбір қадам қадағаланады. Сондай-ақ, жергілікті халыққа кітапхана, театрға барғанда, қоғамдық көлікке мінгенде жеңілдік беретін арнайы ID карта енгізіледі. Әкім Шымкентті мерекеге қарсы безендіруге де мықтап кірісіпті. Былтыр жаңажылдық әрлеуге қала қазынасынан 49 миллион бөлсе , биыл 70 миллион теңге жұмсалады.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

- Үлкен қала үшін 70 миллион көп ақша емес, деп ойлаймын. Құрметті журналситер, бұл мәселеге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Лондон мен Парижді, Мәскеуді қараңыз, оларға қарап, таң қаламыз. Әйел азаматтар да боянады, біз де әдемі киім сатып аламыз, сыйлық жасаймыз.

 

Қаланы жаңа жылға дайындау мәселесін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтан да сұрадық.  Түсінгеніміз, Петропавл - Шымкент емес. Бюджет 10 есеге дейін аз. Сондықтан, бұл мақсатқа бір тиын да бөлінбейді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Ескі заттарды жөндеп, пайдалануға болады. Сондықтан, биыл да бюджеттен қаражат бөлінбейді.

 

Әкімдер жаңа жылдан кейінгі жоспарларымен де бөлісті. Ғабидолла Әбдірахымов халықты қазіргідей айына бір рет емес, апта сайын қабылдап тұруға уәде берді. Әр жұма күні халықпен арнайы жасақталған бөлмеде тілдеседі. Ал, Құмар Ақсақалов «7-20-25» бағдарламасын ширатпақ. Себебі, өңірде бұл бағдарламамен тек 3 өтініш мақұлданған.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу