20-ға жуық елдің Парламент басшылары Елбасы мақаласын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20-ға жуық елдің Парламент басшылары Елбасы мақаласын талқылады

26.11.2018

«Астана - жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы». Осындай тақырыппен Мәжіліс Тұңғыш Президент күніне орай, халықаралық конференция өткізді. Әлемнің сақа саясаткерлері бас қосқан жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы мақаласы да талқыланды.

Әлемнің алпауыт елдері Астанада бас қосты. Қазақ елінің келбеті келісті, дамуы жемісті. Экономика өрлеп, тұрмыс түзелді. 20 жылда 300 млрд. доллар шетелден тікелей инвестиция тартылды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жаңғырудың қазақстандық моделін «Назарбаев моделі» деп атаған дұрыс. Өйткені, егемен еліміздің әрбір күні, әрбір айы, әрбір жылы тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Нурдинжон Исмоилов, Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері

- Тәуелсіз Қазақстанның жетістігін барлық әлем мойындап отыр, ал, ол Республиканың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Президенттің өмірбаянын мемлекеттің және халықтың заманауи тарихынан бөліп-жаруға болмайды. Ол идеяларды жүзеге асырып, мемлекетпен, қоғаммен қиын әрі маңызды процесстерді шешетін үйлестіруші болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамалары мен ұлы идеялары көптің көңілінен шығуда. Ол дүниежүзі бойынша ядролық қарусыз әлем құрудың жаңа кезеңін бастап, жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан тұлға.

Ремигиус Жемайтайтис, Сейма вице-спикері:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы дүниені дүр сілкіндірді. Ол өзінің көреген басшы екенін дәлелдеді. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие бола бастағанына назар аударып, ядролық қарудан бас тарту керектігін айтты.

Сергей Неверов, Мемлекеттік Думаның вице-спикері:

- Қазақстан Президенті 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде лекция оқыған кезінде Еуразиялық Экономикалық Одақ құру туралы идеясын айтқан еді. Уақыт өтті, өзінің нәтижесін дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бастамасы жетістікке алып келеді.

Пэйшен Яо, Азия-Африка даму және алмасу кеңесінің мүшесі:

- Алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстығым 1993 жылы болды. Ол кезде Президенттеріңіз сапармен Қытайға келген еді. Сол кезде сарабдал саясаткер екенін көрсеткен. Енді міне, әлемді аузына қаратқан идеялар ұсынды.

Елбасы дәстүрлі дін өкілдерін қонақжай қазақ жеріне шақырып, бір үстелдің басына жинап, үн қатысуына мүмкіндік жасады. Бұл дінаралық дүрдараздықтан туындайтын қақтығыстардың алдын алуда ролі орасан. Астана процесі Сирия жерінде бейбітшілік орнатуға тың серпін берері анық.

Этторе Розато, Депутаттар палатасының вице-спикері:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс бағытты таңдады. Сондықтан, Қазақстан зор жетістікке жетті. Ал, бейбітшілікті орнатудағы бастамаларыңыздан үлгі алуға болады.

Генрих Цертик, Жер ландтагының мүшесі:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін әлемге мойындатқан тұлға. Мен Қазақстан Тәуелсіз алғалы бері  бақылап келемін. Осынау аз уақытта жетістікке жетіп, өздеріңізді сыйлата білдіңіздер.

Никлас Нильссон, Қауіпсіздік және даму институтының мүшесі:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы бастамалары арқылы бізге үлкен ой тастады. Ауғанстандағы мәселені де Қазақстан жиі көтереді. Ал, Ауғанстанның қауіпсіздігі барлық Орта Азияның қауіпсіздігінің кепілі.

Әлемнің парламентарийлері Президенттің жуырда жарияланған мақаласына жоғары бағасын беріп отыр. Әзірбайжан Милли Меджлисінің вице-спикері Зияфет Аскеров та мақаланы зор қызығушылықпен бірнеше рет оқып, керек жерін түртіп алыпты. Көлемді жариялым қазірдің өзінде ағылшын, түрік және әзірбайжан тілдеріне аударылған.

Зияфет Аскеров, Милли меджлистің вице-спикері:

- Біз мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл жай мақала емес, бағдарламалық мақала. Онда екі халыққа да ортақ құндылықтар бар, сондықтан, әзірбайжан халқы мақаланы жоғары тебіреніспен оқыды.

Мұстафа Шентоп, Ұлы ұлттық мәжілістің вице-спикері:

- Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақалада түркі дүниесінің тұтастығын паш етіп, келер 50 жылды баяндап бергендей әсер алдым. Бізге жаңа бағыт көрсетті. Келер ұрпақ үлгі өнеге алатын дүние. Өйткені, тарихын білген адамның болашағы жарқын болады.

Асель Кодуранова, Жогорку кенеш вице-спикері:

- Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы мақаласын әлемнің өзге тілдеріне көбірек аудару керек. Әсіресе, тамыры бір түркі халықтары. Мақаланы бір деммен оқып шықтым. Ұлттық құндылық, тарих. Осыны естен шығармауымыз қажет.

Бүгінгі ірілігіміз бен тарихтағы ұлылығымыздың бір көрсеткіші Астана – әсем қала. Жас қала. Бас қала. Бірақ, ең бастысы, 20 жылдың ішінде Астана тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сондай-ақ, дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың басты орталығына айналды.

Хосе Мануель Гарсия-Маргало И Марфиль, Депутаттар комитетінің төрағасы:

- Астанада Экспо-2017 көрмесіне қатысу бақыты бұйырды. Абыройлы өткіздіңіздер. Қала соңғы технологияларды қолдана отырып, дамып жатыр. Бұл сіздердің Президенттеріңіздің еселі еңбегінің жемісі.

Жауласқанды жарастыруды, керіскенді келістіруді көздейтін Қазақстан және оның басшысы туралы жаһан саясаткерлерінің пікірі осындай. Алысты алаламайтын, жақынын жараламайтын ел алдағы уақытта да жарқын бастамаларымен, игі істерімен жетістікке жетпек.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу