Қарағанды облысында 64 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 64 отбасы баспаналы болды

21.11.2018

Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданының орталығында биыл 64 отбасы баспаналы болды. Ауданда соңғы 6 жылда мұндай қарқынды құрылыс жүрмеген. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қазынадан 700 миллион теңге қаражат бөлініп, бірден 22 үй салынды. Бірақ, кезекте тұрғандар саны әлі де көп. Сондықтан, келер жылы мұнда тағы 20 үйдің құрылысы басталмақ.

 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Назерке Қыстаубаева көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлік бөлімінде іс жүргізуші болып еңбек ететін мемлекеттік қызметкердің айлық табысы да жаман емес. «Үйдің ақшасын төлеуге жеткілікті»,- дейді ол. 

Назерке Қыстаубаева, Нұра кентінің тұрғыны:   

-Тұрғын үй кезегінде 5 жыл көлемінде тұрдым. Үйім жылы, кең. Екі бөлмелі, заманауи. Өзіме ұнайды, қуаныштымын осылай баспананың иесі атанғаныма. Қаражатым өзіме жеткілікті, ай сайын үйіме 6600 теңге төлеймін. 

 

Екі пәтерлі 20 үйдің құрылысына «Нұрлы жер» бағдарламасымен бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Тоқ тартылып, инженерлік-коммуникация жүйесі ретке келтірілді. Енді жуық арада жол салынып, маңайы абаттандырылмақ. Жаңа үй жетім балаларға, тұрмысы төмен отбасыларына және баспаналары апатты жағдайда тұрған жандарға берілді.

Құралбай Ақмағанбетов, Нұра аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Тозған үйлер бар. Жас отбасылар көбейді. Сондықтан, кезек көбейіп кетті. Бүгінгі күнге 400-дей  адам кезекте тұр.

 

Құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, Нұра ауданында соңғы 6 жылда бірде-бір үй салынбапты. Тек, биыл ғана сең қозғалды. Мұнда жер үйлерден бөлек, 24 пәтерлік екі бірдей көпқабатты үй пайдалануға берілген. Ал, келесі жылы тағы 32 үйдің құрылысы басталмақ. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу