ШҚО-дағы полиция басқармаларында фронт-офистер жұмыс істей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы полиция басқармаларында фронт-офистер жұмыс істей бастады

21.11.2018

Шығыс Қазақстан облысындағы полиция департаментінде тұрғындарды  қабылдау бөлімі жаңартылып, халыққа көрсететін қызмет аясын кеңейтті. Өскемен, Семей, Риддер қаласында және бірқатар ауданда жаңа форматтағы  фронт-офистер жұмыс істей бастады.

Берік Көшербай, тілші:

Елбасының биылғы Жолдауында полицияның қызметін сервистік модельге көшіру қажеттігі айтылған. Халықпен жұмыс істеудің жаңа, заманауи форматын енгізу мақсатында Өскемен қалалық полиция басқармасында фронт-офис ашылды. Білікті мамандардан көмек алуға келген адам көп.  

Әлішер Бақытбекұлы, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Мен қоғамдық көлікте кетіп бара жатқанда өзімнің ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Осы жерге келіп, қызметкерлердің көмегіне жүгіндім. Олар жақсы көмек көрсетіп, телефонымды тауып береміз, деді.

Тұрғындарды қабылдау орындары халыққа қызмет көрсету орталықтарының   қағидаты негізінде жұмыс істейді. Яғни, көмекке зәру адам осы жерден шаруасын тындырып,  кеңес алып қайтады. Қажет жағдайда мамандар қандай құзырлы органға бару керектігін нұсқап, жол көрсетіп жібереді.

Марат Баяндинов, Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Құжаттарын, ұялы телефондарын жоғалтқан адамдар бар. Көші-қон сұрақтары бойынша келгендер бар. Оларды 5-7 минут ішінде қабылдап, консультациялық көмек көрсетіп, осы арқылы жұмысты жүргізіп жатырмыз.

Облыстық полиция департаментінде де осындай кеңсе жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұндай фронт-офистер Шемонаиха, Зайсан, Катон-Қарағай, Глубокое және Жарма аудандарында да іске кіріскен. Ал, желтоқсанның 1-інде басқа жерлерде тегіс ашылмақ.

Ерке Сейітмолдин, облыстық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:

Әрбір үшінші келушілер ғана құқық бұзушылықтар туралы өтінішпен жүгінеді. Азаматтарға осындай жағдай жасау бүгінгі күннің талабына сай және полиция жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Шығыс Қазақстанда соңғы 3 жылдан бері қылмыс азайып келеді. Аса ауыр қылмыстар 35 пайызға, қарақшылық - 19, бұзақылық 20 пайызға кеміген.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу