Ресейден 90 бас сиыр сатып алған қарағандылық фермерлер шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейден 90 бас сиыр сатып алған қарағандылық фермерлер шығынға батты

20.11.2018

Ресейден мал сатып алған қарағандылық фермерлер қып-қызыл шығынға батты. Қожалық иелері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие рәсімдеп, сол қаражатқа Ресейдің Челябі облысынан сиыр алған. Ал, біздегі талап бойынша көршілес мемлекеттің бұл өңірінен төрт түлік тасымалдауға тыйым салынған. Себебі, жыл басында осы аймақта аса қауіпті мал аурулары анықталған болатын. Басы дауға қалған фермерлерге енді не істемек?

Фермерлер Челябинск облысы Карталинск ауданындағы герефорд тұқымды мал өсіретін кәсіпорыннан 90 сиыр сатып алған. Енді оларға «Малды кері қайтару немесе жою керек», - деп талап қойылды.

Қайыржан Кәдірберлин, «Айнабұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осы үш машина үшін екі шаруа қожалығы 2 миллион 200 мың теңге ақша шығарып келе жатырмыз. Мен шығынданып келген малды неге сойғызуым керек? Тексерсін, егер ауру шықса, менің сөзім жоқ. Өйткені, өзімнің шаруа қожалығыма ондай ауру мал әкеле алмаймын.

«Сабен» және «Айнабұлақ» шаруа қожалықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан әрқайсысы 24-28 миллион теңге көлемінде несие алған. Банк талабы бойынша қаражатты 90 күн ішінде пайдалану керек. Өкініштісі, бұған дейін тиісті органдар мен қаржы институттары фермерлерге Ресейден төрт түлік алуға болмайтын аймақтарын алдын ала айтқан. Соған қарамастан, аса қауіпті мал аурулары тіркелген Челябі облысынан сиыр әкелінген.

Марат Мұхтаров, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Жыл басында Ресей Федерациясының Челябі облысында аса қауіпті мал аурулары шыққан болатын. «Нодуляр дермотит» және аусылға қарсы вакцина қолданады. Аусылға қарсы вакцина қолданатын аймақ болса, мал тасымалдауға болмайды. Малдың иесі өзі министрлікке сұраныс жасаған. 12-і қараша күні Ресей Федерациясының Челябі аумағынан мал тасымалдауға болмайды деген жауап алған.

Ербұлан Түшкенов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ҚОФ бөлім басшысы:

- Несиелендірудің алғашқы ақпаратымен қоса, біз фермерлерге ескерту қағаздары беріледі.  Ол Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетімен бірігіп жасалған.

Облыстық инспекция басшысының айтуынша, ресейлік ветеринарлар эпизотиялық ахуалды біле тұра, малды тасымалдауға рұқсат қағазын бере салған. Енді шаруалар 5 күн ішінде сиырды алған жеріне қайта апаруы тиіс. Заң талабы орындалмаса, 90 сиыр түгел жойылады. Мамандар «осы қателікті жібергені үшін фермерлерге әкімшілік жаза қолданылады», - деп отыр. Тіпті мұндай жағдайда егер сырттан алынған малдан ауру шықса, иесінің үстінен қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу