Құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары басталды

20.11.2018

Біздің қоғамда полиция десе қабағы шытулы, қатқыл мінезді, тез ашуға булығып, дөрекілік танытатын, күш қолдануға бейім тұратын қызметкердің көзге елестейтіні рас. Ащы да болса шындық - қазіргі тәртіп сақшыларының көпшілігінің келбеті осындай. Әрине, барлығына бірдей күйе жағуға болмас. Дегенмен, пагон таққандардың пәрмені жүріп тұрғаны ақиқат. Алайда, солардың көбі қарапайым құжаттардың өзін дұрыстап толтыра алмайды деп шағымданды тәжірибелі заңгер. Ішкі істер органдары жақында мұндай сауатсыз, қазіргі қоғамның талабына сай келмейтін қызметкерлерінен тазаруы тиіс. Сала мамандарын алда жаппай сынақ күтіп тұр. Сонымен, жүйеде не өзгереді?

Ет бұзылса, тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің? Тәртіп сақшыларының өзі тәртіпсіздік танытқан теріс қылықтары азаймай тұр. Тәртібімен қатар, олардың білімі де қуантпайды. Сақшылардың көбі сауатсыз. Пагон таққандардың дені хаттаманың өзін толтыра алмайды. 30 жылға жуық тәжірибесі бар заңгер Бахтияр Бөлеулиев осылай деп налиды. Қарапайым қысқа құжаттың өзін 5-6 сағат толтыратын көрінеді. 

Бахтияр Бөлеулиев, заң ғылымдарының докторы, адвокат:

- Білімі, біліктілігі жеткіліксіз. Құқық терминдерін дұрыс пайдалана алмайды. Хаттамаларды толтыра алмайды. Тергеу амалдарына дайын емес.

Мемлекет басшысының меңзегені де осы. Темірдей тәртіп пен сауаттылық алдымен полицейлердің өзіне керек. Келер жылы өтетін аттестация барысында құрам біраз тазарғалы тұр. Сынақтан сүрінгендер қызметтен кетеді немесе лауазымдары төмендейді.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Аттестация өткізіледі. Егер де, ішінен білікті емес, білімсіз қызметкерлер анықталса, әрине, жұмыстан босатылуы мүмкін, қызметі төмендетілуі мүмкін. Білімді, білікті, өз ісіне лайықты полицейлер ғана жұмысын жалғастырады.

Алайда, полицейлердің де жағдайына қарау керек. Көбінің жалақылары мардымсыз, жұмыс орындары ыңғайсыз. Аядай бөлмеде 10 тергеуші отыруға мәжбүр. Яғни, тергеу амалдарының құпиясын қасындағылар естіп, біліп отырады. Бұдан соң кей істердің құпиялы түрде жүріп жатқанына күмән көбейеді. Осындай кемшіліктерді жою үшін Ішкі істер органдарына жаңғыру аса қажет. Түбегейлі өзгеріске уақыт аз қалды. Келер жылдан бастап халықпен қарым-қатынасқа айрықша басымдық берілген құжат күшіне енеді. Бәлкім, сонда халық арасындағы дөрекі полицей ұғымы мейірімді полицейге өзгерер. Тек егер саладан бөлек, сана да өзгерсе.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу