Жамбыл облысында бағбандар алма егудің жаңа технологиясын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында бағбандар алма егудің жаңа технологиясын ойлап тапты

15.11.2018

Шаруалар өнім көлемін еселеп, шығынды азайтуға болатын әдіске - «гипербақ» деген атау берген. Тың тәсілді тәжірибеден өткізген бағбандар енді бірнеше гектар жерге гиперинтенсивті алма бағын  отырғызды.

Бұл «гипербақтың» дәстүрлі алма бақтарынан ерекшелігі көшеттерінің өте тығыз орналасуында.  Мәселен, интенсивті технологияда көшеттердің аралығы 1 метр болатын болса, бұл гипербақтан тіпті ит тұмсығы өтпейді. 30 сантиметр. Сол себепті, бұл алма ағаштары бірден өнім береді. Сондай-ақ, бұтақтарын жыл сайын бұтап тұруды қажет етпейді.

Жиырма жылдан бері бағбандықты кәсіп еткен Үсен Қабылбеков алғашында дәстүрлі әдіспен алма еге бастаған. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында бел жазбай істеген жұмысы жемісін беріп, шаруашылық аяғынан нық тұрды. Оған жер үнемдеу үшін интенсивті әдіске көшуі сеп болды. Тіпті гектарына 80-90 тонна алма жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бағбан енді ондаған жыл зерттеген тағы бір тәжірибесін іс жүзінде сынап көрмек.

Үсен Қабылбек, бағбан:

- Мұның өнімділігі одан жоғары болады. Гектарына 100 тоннадан 200 тоннаға дейін өнім алуға болады. Баяғы интенсивті технологияның өзімен гектарына мың түп еккеннің өзінде 30 га жерге егуім керек еді. Ол қыруар ақша. Оның ақталуы бірнеше жылға созылып кетеді. Ал, мына алма бағы бірінші жылы өзін-өзі бірден ақтайды.

Жалпы, өңірде гектарына мың түптен егілетін интенсивті бақтардың көлемі артқан. Былтыр мұндай алма алқаптарының аумағы 425 гектарды құраса, биыл 670 гектарға жеткен. Яғни, жер мен суды үнемдейтін тың тәсіл тиімділігін көрсетті. Ал, гектарына 10 мың түп көшеттен өнім беретін гиперинтенсивті бақ сала мамандарының өздері үшін де таңсық болып тұр.

Ерлан Көкей, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол кісінің өзінің нақты өндірістік тәжірибесімен, нақты өндірістік зерттеулерімен дәлелдеп жатса, әрине, ары қарай оны қолдап, ұлғайтуға осы кісінің ұсыныстарымен ары қарай гиперинтенсивтік бақтарды көбейтуге мүмкіншілік болады.

Диқанның қажырлы еңбегі келер жылы жиын-терім кезінде нақты нәтижесін көрсетеді. Үсен Қабылбековтің тәжірибесі жемісін берсе, интенсивті алма бақтарының аумағы ұлғая түспек. Оған агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту туралы Жолдау жүктеген тапсырма да демеу болары  анық.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу