Прокуратура «Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» жұмысшылардың сыйақысын, жолсапар және басқа да шығындарды тариф бағасына негізсіз қосып, тұтынушылардан өндіріп отырғанын анықтады. Осылайша, жымқырылған 1 млрд. теңгеге жуық қаржы тұрғындарға өтемақы ретінде төмендетілген тариф есебінен қайтарылмақ.
Қоғамдық құқық қорғаушы Юрий Страхов монополист компаниялардың заңсыз әрекетін әшкерелеп, сотта талай дәлелдеді. «Әсіресе, электр қуаты мен жылуға артық төлем жинаған кәсіпорындар техникалық шығындарын екі есе артық көрсетіп, тариф арқылы өнідіріп алуға дәніккен», - дейді ол.
Юрий Страхов, «Савар» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық ұйымының заңгері:
- Осыдан 5 жыл бұрын соттасқан кезде үйлердегі жалпылама желілік электр қуатының төлемақысы әр тұтынушыдан 50 теңге болатын. Сол кездегі компания әр ай сайын 10 млн. теңге таза пайда көрді. Ал, қазір бұл тарифтің құны 230 теңгеге жетті. Қандай табыс түсіп жатқанын есептей беріңіз.
Мұны прокуратура есептеп, монополист шынымен де халықтан артық ақша жинағанын дәлелдеп берді. Яғни, «Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» қызметкерлеріне 79 млн. теңге көлемінде сыйақы төлеген. Бұдан бөлек, 39 млн. теңгені мердігер кәсіпорындарға жолсапар шығыны ретінде аударыпты. Жалпы, жиынтығы 1 млрд. теңгеден асатын қаржы тұтынушылардан жиналған. Сондықтан, қазанның 1-нен бастап электр қуатына төмен тариф енгізілді.
Данияр Манасбаев, Павлодар қаласы прокурорының орынбасары:
- Тексеруден кейін тарифті 10 пайызға төмендетуге қол жеткіздік. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін тариф 10 теңге 21 тиыннан 9 теңге 8 тиынға дейін, заңды тұлғалар үшін 15 теңге 63 тиыннан 15 теңге 14 тиынға дейін төмендеді.
Әдетте, түбіртектегі сомаға қарапайым тұтынушы аса мән бермейді. Мәселен, көпқабатты үй мен жер үйлердің тарифі әртүрлі. Жаңа, ескі деп тағы бөлінеді. Жеке тұлға, заңды тұлға дейтін айырмашылығынан басқа да тариф түрлері бар.
Ержан Темірханов, Энергетика және энергоаудит сарапшысы:
- Жылу жағынан 21 тариф, электроэнергия жағынан 6 тариф бар. Оны қарапайым адам түсінбейді және оны монополистер түсіндірмейді, жазбайды, айтпайды, білдірмейді. Сол көлеңкелі тариф болып қала береді.
Негізсіз көтерген тарифтен жиналған қаржыны тұтынушыға кері қайтару әдісі әзірге жоқ. Сондықтан, тариф қалыптастыру, монополист компаниялардың шығындарды қолдан өсіруін тоқтатуын, инвестициялық бағдарламалардың нақты орындалуын қадағалайтын тұрақты комиссия құру қажет. Аймақтағы қоғамдық ұйымдар бұл ұсынысты Үкіметке жолдамақ.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.