«Нұротандықтар» министрлерді сұрақтың астына алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұротандықтар» министрлерді сұрақтың астына алды

14.11.2018

Астана қаласында өтіп жатқан бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумында қатысушылар көкейкесті мәселелерді көтерді. Өңірлерден келген делегаттар орайы келгенде лауазымды тұлғаларға халықтан ең көп түсетін сауалдарды жолдады. Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау барысында әлеуметпен кездесіп, пікірлескен партиялықтар әсіресе әлеуметтік бағыттағы ұсыныс-тілектер көп екенін айтуда.

«Нұр Отан» құрылғалы бері ең алғаш рет өтіп отырған мұндай жиынға еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам делегат қатысуда. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастауыш ұйымдардың жұмысы «Нұр Отанның» жеңісі мен жетістіктерінің негізі екенін атап өтті. Бүгінгі ашылу салтанатында бірқатар министрлер мен олардың орынбасарлары қатысып, сөз сөйледі. Баяндамалардан соң бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері сұрақты қарша боратты.

Сұрақ: Көптеген елдерде дәрігерлерді қорғайтын заң бар. Бізде жоқ. Бізде дәрігерлерді қорғайтын заң дайындалып жатыр ма?

Ләззат Ақтаева, Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Қазір жаңа кодекс жазылып жатыр, ұсыныс беріңіздер.

Сондай-ақ, сұрақ-жауап кезінде Білім және ғылым вице-министрі мұғалімдердің жүктемесін 18 сағаттан, 1сағатқа азайту жоспарланып жатқанын айтты. Бастауыш ұйымдарға күнделікті жұмыс барысында бұдан өзге де көп сауал түседі. Олар шама-шарықтарынша жергілікті жерлердегі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүр.

Еркін Жиеналин, Ақтөбе облысы Ойлы ауданы «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

- Аудандық аурухана иппотерапия бөлімі ашылды. Қазіргі таңда мүгедек, түрлі ақауымен туған балаларды емдеу қолға алынып жатыр.

Бұл форумның мәні бөлек. Сүзгіден өткен жаңа тұжырымдаманың соңғы үтір, нүктесі талқылануда. Оған сәйкес, бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыру көзделуде.

Ғани Әбдісадық, «Маңғыстау мұнай» АҚ бастауыш партия төрағасының орынбасары:

- Ол тұжырымдаманың ішінде ұйымның қызметін жаңғыртуға арналған 10 қадам қарастырылған. Жалпы, ұйымға мүшелікке алудан бастап, қызмет барысында қалай сапасын жоғарылатамыз, қалай оқытамыз, қалай алға жылжытамыз, зейнет жасына дейін қалай құрметтеп шығарып саламыз деген аралықтағы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған.

Бүгін бірнеше панельдік сессияда партия жұмысын одан әрі дамытудың жолдары талқыланды. Халықаралық саяси кеңесшілер шетелдік тәжірибелерімен бөлісті. Форум жұмысы ертең де жалғасады.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу