Мәскеуде «Металл Экспо» көрмесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде «Металл Экспо» көрмесі басталды

13.11.2018

ТМД елдері мен өзге де мемлекеттерден жиналған металлургтер Ресей астанасында бас қосты. Мәскеуде «Металл-Экспо» деп аталатын халықаралық көрме өтіп жатыр. Жиында металлургия саласының жай-күйін талқыланып, көрмеге түрлі өнімдер қойылады. Бұл жаңа әріптестермен келіссөз жүрізіп, келісімшарт бекітуге таптырмайтын алаң саналады. «Металл-Экспо» көрмесіне біздің отандық компаниялар да жылда қатысады.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Мәскеудегі «Металл-Экспо» көрмесіне әлемнің 35 мемлекетінен келген 500 компания қатысып жатыр. Олардың арасында металлургия саласында жұмыс істейтін бірқатар қазақстандық кәсіпорындар да бар. Шара кезінде отандық бизнесмендер өз өнімдерін таныстырып, шартараптан жиналған сатып алушылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жалпы, бұл көрмеге қара және түсті металлургия өнімдері, заманауи қондырғылар және тың инновациялық технологиялар қойылған.

Дмитрий Лоскутов, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының сауда жөніндегі директоры:

- Біз бұл көрмеге 5-ші рет қатысып жатырмыз. Осы шараның арқасында жаңа әріптестер тауып, шетелдік нарыққа, соның ішінде Ресейге шығуға мүмкіндік алдық. Қазір ТМД мемлекеттеріне жыл сайын шамамен 50 мың тонна рельс экспорттап отырмыз. Көрме кезінде өзге де сатып алушылармен бірқатар келісімдерге келіп, алыс шетелдерге шығамыз деген ойымыз бар.

Мамандардың айтуынша, қазір әлемдегі металлургиялық компаниялар бас қатыратын мәселелер мыналар: экономикалық қауіп-қатердің алдын алу, өндірістік шығынды азайту және еңбек өнімділігін арттыру. Бұдан бөлек, зауыт-фабрикаларды басқару процесін цифрландыру да аса өзекті жайттың бірі. Осы және өзге де мәселелерді алдағы 3 күн бойы түрлі компания басшылары мен осы саланы жетік білетін мамандарды қосқанда, барлығы 3,5 мың адам түрлі конференцияларда, кездесулерде талқылайды. Ал, көрмені 30 мың адам тамашалайды деп жоспарланып отыр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу