«Қазіргі заман қаһарманы». Оралда қызметте жүріп ерлік көрсеткен полицейлердің республикалық акциясы басталды. Оған әр өңірден өжеттілігімен танылған 15 тәртіп сақшысы арнайы келді. Іс-шара ең алғаш 2013 жылы Таразда террористі құрықтау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың құрметіне ұйымдастырылған еді. Жалпы, соңғы ширек ғасырда Ішкі істер органдарында 780 қызметкер жұмыс барысында көз жұмған. 2000-нан астамы қылмыскерді ұстау кезінде жараланған. Төрт күнге созылатын акция тек қалада емес, аудандарда да жалғасады.
Асыл Жұманов, Қарағанды облыстық ІІД учаскелік инспекторы:
- Әріптесім екеуміз түнгі қызметшілікті атқару барысында жер үйлердің бірінен қою қара түтін шыққанын көріп, кідірместен сол жаққа бағыт алдық. Үйге келген сәтте үйдің иесінің далаға жанып жатқан үйден шыққанын байқадық. Ол үй ішінде анасы және әйелі қалғанын айтты. Ол үйге адамдарды шығару үшін кіру мүмкіндігі болмады. Себебі, үйдің есігі, шатыры, алдындағы көлік, түгел өртке оранып жатты. Соған қарамастан, екі адамды өрттен алып шықтық.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.