Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен балаларды тегін оқытатын орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен балаларды тегін оқытатын орталық ашылды

12.11.2018

Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен балаларды тегін оқытатын «We Art» шығармашылық орталығы ашылды. Бұл - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе көпбалалы отбасында өскен жастардың білім алуына арналған алаң. Сондай-ақ, мұнда балалар үйі түлектерінің де белгілі бір мамандық иесі атануына мүмкіндік бар. «НАРХОЗ» университетінің ғимаратында бой көтерген ерекше орталық Болат Өтемұратов қорының қолдауымен құрылған. Қаржылық қиындықтарға тап болған жастарға жігер беретін жобаға қор тарапынан 21 миллион теңге бөлінген. Орталықта кәсіби мамандар, «Болашақ» бағдарламасының түлектері сабақ береді. Әзірге 40 бала оқуға кірісті. «Олар үш айлық курстан кейін далада қалмай жұмысқа орналасады», -дейді мамандар. Тіпті, бірнеше ірі компания басшылығымен келісімшарттар да жасалған.

Айгүл Наурызбай, «We Art» шығармашылық орталығының маманы:

- Бұл жерде балаларға үш ай бойы білім беріледі. Қазіргі нарықтық заманда ең керекті деген мамандықтарды таңдап, соларды оқытуға тырысамыз. Үш айдың ішінде балалармен бірге психологтар жұмыс істейді. Балаларды сөйлеуге үйретеміз.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу