Денис Теннің көзі тірісінде жазған сценарийі бойынша фильм түсірілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Теннің көзі тірісінде жазған сценарийі бойынша фильм түсірілмек

12.11.2018

Олимпиада жүлдегері Денис Теннің көзі тірісінде жазған сценарийі бойынша фильм түсіріліп, әндерінен музыкалық альбом шығарылады. Мұны марқұмның жеке жобаларын жалғастыру мақсатында құрылған «Денис Тен» қоры жүзеге асырмақ. Бұл туралы спортшыны еске алуға арналған «D10 WORLD» көрмесінің ашылуында белгілі болды.

Жарық жұлдыздың жансыз бейнесі. Енді киілмейтін коньки мен спорттық киімдер. Марқұмның өзі түсірген суреттері. Келушілер 400 шаршы метр аумаққа орналастырылған көрмеден осыларды тамашалады. Сондай-ақ, естен кетпес есім жайлы естелік әңгімелер айтылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Денис Тен қысқа ғана ғұмырында артына өшпестей із қалдырды. Қазір көптеген адамдар Дениске деген сағыныштарын білдіріп жатыр. Мәселен, осы қараша айында әнші Димаш Құдайберген Денис Тенге ән арнайтынын айтты. Сол секілді өзіміздің танымал композитор Ерлан Көкеев те Дениске арнап композиция жазды. Ол ешқашан ешкімнің көңілін қалдырған емес. Біз Денистің идеясын ары қарай дамыта береміз. Себебі, оның жарқын жолы жас спортшыларға үлгі.

Көпшілікті әріптестері мен достары ұсынған видеожазбалар жылатты. Денистің шығармашылық бағыттағы жеке жұмыстары да ұмытылмас әсер қалдырды.

Ардақ Жаңабаева, досы:

- Бізде стенд бар. Ол «Денистің достарының көзімен» деп аталады. Бұл жерде Денистің бізбен, яғни, жақын достарымен қарым-қатынасын, қандай адам болғанын көруге және жақынырақ танысуға болады.

Көрмені спортшының жақындары мен туыстары құрған «Денис Тен қоры» ұйымдастырды. Қор алдағы уақытта марқұмның жеке жобаларын жалғастырып, мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, оның әңгімелері мен өлеңдер жинағын басып шығару жоспарланған. Көрме 20 қарашаға дейін ашық болады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу