2020 жыл мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электрондық форматқа ауысуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жыл мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электрондық форматқа ауысуы тиіс

09.11.2018

Мемлекеттік қызмет көрсету оңтайландырылғалы қазақстандықтар қажетті құжаттарды жинауда бұрынғыдай түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, шаршамайтын болды. Цифрландырудың игілігіне икемделген халық бар шаруасын бір ғана мекемеге барып немесе тіптен үйде отырып та шеше алады. Өйткені, мемлекеттік қызметтің басым бөлігі, яғни, 200-ге жуығы электрондық форматта көрсетіледі. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмаға сай, 2020 жылы мемлекеттік қызметтің 90%-ы электрондық форматқа ауысуы тиіс. 

Жас босанған ана қазір құжатпен бас ауыртпайды. Перзентханадан шықпай-ақ нәрестесінің Туу туралы куәлігі мен жәрдемақысын рәсімдеп, балабақша кезегіне тұрып жатыр. Соңғы 9 айда Ақтөбеде 6145 жас ана азаматтардың мобильдік базасына тіркелген.

Бұдан бөлек, өңірде биыл мемлекеттік қызметтің 47%-ға жуығы электоронды үкімет арқылы жүзеге асқан.

Ермек Қибадолла, қала тұрғыны:

- Оңай, үйде отырасыз, уақытыңызды алмайды. Шаруаңызды да істейсіз. Сол себепті, Қазақстан Республикасының азаматтарына кілт алып, үйде, жұмыс орындарында тұтынуды ұсынамын.

Ал, қостанайлықтар сандық қызмет көрсету орталығында тиісті қызметті оператордың көмегінсіз алады. Яғни, автоматтық жүйеде. Тек күзде ашылған орталықта қазір мемлекеттік қызметтің 741 түрі бар. Оның 454-і онлайн көрсетіледі. 

Руслан Қалмұратов, «Азаматтарға арналған Үкімет» МК Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары:

- Биыл «Азаматтарға арналған Үкімет» МК облыстық филиалы 1 млн-нан астам қызмет түрлерін көрсетті. Соның 600 мыңнан астамы электрондық қызметтер. Сонымен қатар, 234 мың цифрлық электронды кілттер берілді.

Ал, бұл елордадағы арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығы. Бұл жерде автокөліктерді онлайн тіркеп, жүргізуші куәліктерді ауыстырады. Халықтың қарасы қалың болғанымен, кезек лезде өтеді.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

- Егер жүргізушілік куәлігіңіздің уақыты өтпей ауыстырсаңыз, Сізден ешқандай анықтамаларды талап етпейді және көп уақытыңыз да кетпейді. Ол үшін жүргізушілік куәлігіңіз, жеке құжатыңыз және төлем картасы керек.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

- Міне, менің жаңа жүргізуші куәлігім. Жарты сағаттың ішінде дайын болды. Бірақ, Сіз үйден шықпай-ақ, ауыстыра аласыз.

Көлікті сатып, тиісті құжаттарды рәсімдеу де, қазір оңтайланды. Бұрынғыдай көлікті сатушы мен сатып алушы азаматтар жетектесіп бірге, күн ұзақ жүрмейді. Барлығын онлайн жүзеге асырады.

Еркебұлан Амантай, Астана қаласы мамандандырылған ХҚКО басшысы:

- Электрондық үкімет порталы арқылы республика бойынша техпаспорт бойынша 2500-ге жуық қызмет түрін пайдаланды. Ал, 2018 жылдан бастап 10 мыңға жуық азамат өзінің жүргізуші куәлігін ауыстырды.

Ел көлемінде қазір портал арқылы күніне 100 мыңға жуық қызмет көрсетіледі. Яғни, мемлекеттік қызметтің онлайн түрі көбейген, халықтың цифрлық сауаты артқан. 2020 жылы халықтың сандық сауаттылық деңгейі 81,5%-ға жетпек.

 

Анаргүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу