Келер жылдан бастап бюджеттен жалақы алатын 23 мыңнан астам жамбылдықтың төменгі жалақысы өспек. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін жариялау барысында мәлімдеді. Сондай-ақ, Жамбыл облысында Мемлекет басшысының алты басым бағыты бойынша жұмыстардың тыңғылықты орындалып жатқанын жеткізді.
Жалақы көтеру туралы Президенттің үндеуін жамбылдық жекеменшік иелері қуаттап отыр. Жаңа жылдан бастап өңірдегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың көпшілігінде еңбекақы еселей өседі.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
- Облысымызда 95-ке жуық ірі және орта кәсіпорындар бар. Бүгінде келіссөздің алғашқы нәтижесі ретінде 9 мың қызметкердің еңбекақысы келер жылы көтерілгелі отыр. 42 мың теңгеден жоғары көтерілетін болады.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30%-ға өскен. Жағымды үрдіс келер жылы жалғасын таппақ. Бұдан бөлек, өңірде шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі де артады. Биыл жергілікті бюджеттен 6,3 млрд. теңгеге бөлінсе, келер жылы бұл қаржының көлемі 8 млрд-қа дейін жетпек.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
- Қазір облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 млрд. АҚШ доллары болатын 13 жоба іске асырылуда. Агроөнеркәсіптің қайта өңделген өнімінің экспортын көбейту мақсатында жыл басынан 2,3 мың тонна ет экспортталды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есеге көбейіп оытр.
Жолдауға сай, өңірде медициналық көмектің қолжетімділі артпақ. «7-20-25» бағдарламасымен халықты үймен қамту да биліктің басты назарында. Бұдан бөлек, жол, инфрақұрылым мәселесі де шешілмек. Әзірге, әкімнің есебіне сай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы көңіл қуантарлық.
Анаргүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.