Қазақстан авторлары қоғамынан тағы да дау шықты. Алматыда өткен кеңесте «ұйымның басшысын сайлаймыз», деп ақын-жазушылар мен композиторлар бір-бірімен керісіп, кеңірдек жыртысты. Басқосуда ашуға мінгендер де, еңбегі үшін қаламақы ала алмай ашынғандар да болды. Олардың бұлай араздасуына не түрткі? Атаққұмарлық па, әлде пендешілік пе?
Қазақстан авторлары қоғамының бес жылда бір өтетін кеңесі кикілжіңнен арылмай келеді. Даудың басы ұйымның басшысы мен авторлар кеңесін сайлаудан басталды. Кеңестің мүшелері аталған құрылымды бірнеше жылдан бері басқаратын 81 жастағы Марал Ысқақбайдың қайта сайланғанына түбегейлі қарсы шықты.
Жаға жыртыспаса да, бір-біріне дауыс көтеріп сөйлеген ақын-композиторлардың айтуынша, ұйымның тізгінін екі басшы емес, қолынан іс келетін бір маман ұстаса. Себебі, құрметті төраға бас директордың шаруасына араласып, өз өкілін әркез тықпалайды. Алайда, оның қарсы топқа айтар уәжі бар.
Марал Ысқақбай, «Қазақстан авторлары қоғамының» құрметті төрағасы:
- Әр жиналыс сайын шуылдап біреулер шығып жатады. Мына пысықай адамдар бір-бір қоғам құрып алып, ақша жинап жатыр. Қайда жіберіп жатқандары белгісіз. Қазақстан авторларының ғана емес, дүниежүзі авторларының ақшасын жинап жатыр.
Қанша шулап, дауласса да, жиналғандар құрметті төрағалыққа Марал Ысқақбайды ал, авторлық қоғамның бүкіл жұмысын жүргізетін бас директор қызметіне бірауыздан Байғали Есенәлиевті қайта сайлады.
Байғали Есенәлиев, «Қазақстан авторлары қоғамының» бас директоры:
- Өнер адамдарының сенімі үшін алғысымды білдіремін. Алдымыздағы міндеттердің ең бастысы, Қазақстан Республикасының заңындағы авторлық құқық туралы бөлімге өзгеріс енгізу. Еліміздегі көбейіп кеткен қоғамдардың істерін тоқтатып, бір салада бір ғана қоғамның жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек.
Соңғы бес жылда Қазақстан авторлар қоғамына 2 млрд. 713 млн. теңге түскен. «Қаражаттың барлығы ақын-композиторлардың еңбегі үшін төленген», - дейді жаңа басшы. Оның сөзінше, қазір елімізде «авторлардың құқығын қорғаймыз», деп құрылған басқа да 8 ұйым бар. Алайда, олар авторларға соқыр тиын да ұстатпайды екен.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.