Қостанай облысындағы медициналық мекемелер қағазбастылықтан арылып келеді. Көп ұзамай емханаларда тіркеу орны мен медициналық кітапшалар мүлдем болмайды. Оларды электронды денсаулық төлқұжаттары алмастырады.
Цифрландыру жүйесіне көшкен мекеменің бірі - Қостанай қаласындағы №4 емхана. Вера Шилова – осы клиниканың тұрақты емделушісі. «Медицина саласындағы жаңашылдықтар бізге көп жеңілдік әкелді», дейді зейнеткер.
Вера Шилова, қала тұрғыны:
- Әрине, картамен қиын еді. Біріншіден, таңертең ерте келіп кезекке тұрасың. Ал, электронды тіркеу арқылы дәрігердің қабылдайтын уақытында ғана келесің. Соның арқасында тексеруден де жылдам өтесің, оның қортындысы да қолыңа көп күттірмей тиеді.
Қағазбен келуші науқастар да цифрлық жүйенің артықшылығын сезінеді. Олардың картасы сканер арқылы компьютерге электронды нұсқаға көшіріледі. Сәйкесінше, тұрғындар үйден шықпастан дәрігер кеңесін, анықтаманы, қабылдаудан кейінгі қорытындыны алады.
Валентина Досаева, қала тұрғыны:
- Қазір бәрі қолжетімді. Бұрынғыдай таң атпастан тіркеу бөліміндегі ұзын-сонар кезекте тұрмайсың. Кез келген дәрігерге алдын ала электронды түрде жазылуға болады.
Жалпы, облыс бойынша денсаулық сақтау саласын цифрландыру белсенді жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 864 мың тұрғынның 73 пайызы электронды денсаулық төлқұжатына ие. Яғни, олар бұрынғыдай амбулаториялық картаны пайдаланбайды. Дәрігердің қабылдауына электронды түрде жазылады.
Бейбіт Бекмағанбетов, дәрігер:
- Пациент әр дәрігерге барған уақытта оны барлық дәрігерлер компьютерден көре алады. Себебі, Қазақстан бойынша цифрландыру бірдей жүріп жатыр. ІР-телефония да бар. Бұрындары пациент қоңырау шалғанда әр тіркеушіге түсетін. Қазір тек қана бір нөмір тіркелген. Барлығы бір нөмірге хабарласа алады.
Облыста денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың аймақтық жоспары әзірленді. Осыған сәйкес, жыл соңына дейін емдеу мекемелеріндегі қағазбастылықты толық жою көзделген.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.