Келер жылы елімізде бюджеттік әуе компаниясы жұмысын бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылы елімізде бюджеттік әуе компаниясы жұмысын бастайды

07.11.2018

Ұшамын десеңіз, енді ұтылмайсыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, келер жылы елімізде бюджеттік әуе компаниясы жұмысын бастайды. Жаңа құрылым халықаралық лоукостерлердің үлгісіне сай, жолаушылар үшін ішкі рейстердегі билет бағасын қазіргіден екі есе арзан сатпақшы. 

Бес күн бұрын Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдаған еді. Кездесу соңында Президент «Эйр Астана» базасында бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды. 

Енді, міне, 2019 жылы «FlyArystan» атты жаңа тасымалдаушы қазіргі тарифтерден екі есе арзан тұратын әуе билеттерін ұсынбақшы.

Питер Фостер, «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті:

- Бюджеттік әуекомпанияның іске қосылуы біздің қысқа да, ұзақмерзімді дамуымызға оң әсерін тигізеді. Оған қоса, халық үшін төмен бағамен ішкі және аймақтық бағыттарда сапарға шығуға мол мүмкіндік туады.

«FlyArystan» әуе компаниясы жолаушыларды 180 орынға арналған «Airbus-A320» ұшағымен тасымалдамақшы. Алғашқы уақытта отандық лоукостер 4 ұшақты пайдаланады. Ал, 2022 жылы олардың санын 15-ке дейін арттырмақ. Жаңа тасымалдаушы барлық халықаралық қауіпсіздік талабына сай болады. Айтпақшы, оның «Арыстан» деген атауының да өзіндік себебі бар.

Жанар Жайлауова, маркетинг және сату жөніндегі директоры:

- Неге «Арыстан» деп сұрауларыңыз мүмкін. Арыстанның қасиеті қандай? Ол - батылдық, сенім, күш, қуат, қайраттылық. Қазақстанда осындай компания ашу үшін күш те, батылдық та, қайрат та, жеңіс те керек.

Сондай-ақ, Питер Фостер жаңа әуе компанияның басшысы Тим Джорданды таныстырды. Ол Cebu Pacific және Virgin Blue сияқты бюджеттік әуе компанияларында 15 жыл бойы жұмыс істеген. Оның сөзінше, жаңа компания акционерлердің инвестицияларын, мемлекеттік субсидияларды және сырттан қаржы тартпайды. Ал, билет құны тек орын үшін алынады. Жүк пен тамақтың ақысын бөлек төлеуге мүмкіндік бар. Осының есебінен, ішкі рейстердің бағасы екі есе арзандайды. Ең ұзақ маршрут «Алматы-Ақтау» бағыты. Ұшу уақыты - 3,5 сағат. 

Тим Джордан, «FlyArystan» бюджеттік әуе компаниясының басшысы:

- «FlyArystan» жұртшылыққа қызмет көрсететін әуекомпания. Осы жоба арқылы біз Қазақстанда, оның ішінде, аймақтарда әуе тасымалдаудың әлеуетін көтеріп, беделін арттырсақ дейміз.

«FlyArystan» 2019 жылдың көктемінен бастап ұшады. Әуе компаниясы елдің бірнеше қаласына рейс жасамақшы. Ал, ұшу кестесі мен бағыттар жиілігі келер жылдың наурыз айының басында белгілі болады.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу