Павлодардың ең шалғай орналасқан бес ауданының Ішкі істер бөлімі енді иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді. Бұрын кинологтарды аса қажет жағдайда облыс орталығынан шақыртатын. Ал, кейінгі кезде із қуалап, иіс ажырата білетін иттерге сұраныс күшейді. Әсіресе, қылмыстың ізін суытпай анықтауда олардың еңбегі орасан. Қазір облыс полициясының сапында 30-ға тарта овчарка тұқымдастары бар. Енді оларды криминалистикалық одорология, яғни, қылмыстың жекелеген түрін тексеретін жаңа бағытта пайдаланбақ. Мәселен, соңғы 10 айда бір ғана иттің көмегімен 40-қа таяу транзиттік қылмыс жасаған күдіктілер ұсталды.
Қуанышбек Қабжанов, Полиция департаментінің Кинология орталығы басшысының міндетін атқарушы:
- «Рио» лақап есімді қызметтік ит қалаға кіреберістегі «Ертіс» бекетінде 30-дан аса қылмысты ашуға себепкер болды. Біз күдіктілерді автобустан түсіріп алып, тергеушіге тапсырдық. Ал, одорология ашылғаннан кейін 3 ит арнайы зертханада тұрақты жұмыс істейтін болады.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.