«Kaspi Bank» жабылады деп жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kaspi Bank» жабылады деп жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады

05.11.2018

Халықты шулатып, елді дүрліктіргендер қазір іздестіріліп жатыр. Жалпы, елімізде соңғы жылдары шындыққа жанаспайтын қауесет таратушылардың қатары көбейген. Мұндай заңсыз әрекетке баратындарға қатысты қолданылатын заң талаптары күшейтілгенімен, қылмыс азаяр емес.

«Kaspi Bank» банкротқа ұшырады, жабылудың алдында тұр. Демалыс күндері осындай мазмұндағы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есті. Тіпті, көптеген салымшылар сыбыс тарасымен6 банктен ақшаларын алуға асыққан.

Алайда, ІІМ бұл аудиожазбалардағы ақпаратты жоққа шығарды. Жалпы, ресми дереккөзсіз қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған мұндай қылмыстық оқиғалар елімізде жиілеген. Биылғы жылдың 9 айында 46 оқиға тіркеліпті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама көп.

Зейнеткерлерге 150 мыңнан өтемақы төленгелі жатыр деген сыбысқа да көпшілік иланып, мекемелерге текке сеңделгені есте. Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбей Астанадағы «Абу-Даби» құрылыс алаңындағы дау-дамай туралы қауесет тағы бар. Тізе берсек, ойыннан от шығарған жазбалар көп.

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеміз. Осы жалған ақпаратты таратқан адамдар анықталып, жазаға тартылатын болады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Халық арасында осындай дүрбелең туғызатын жалған дерек таратқандарға жаза қатаң. Құзырлы органдар жасалған қылмыс ескерусіз қалмайтынын ескертеді. Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбей жұртты шулатқандар қомақты айыппұлдан тыс, темір торға тоғытылулары да әбден мүмкін. 3 жылдан 7 жылға дейін.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу