Ресейдің Түмен қаласында «Жас Еуразия» атты жастар форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Түмен қаласында «Жас Еуразия» атты жастар форумы өтті

05.11.2018

«Жас Еуразия». Ресейдің Түмен қаласында осындай атаумен жастар форумы өтті. Жиынға Қазақстан мен Ресейдің аграрлық оқу орындарында білім алып жүрген студенттер қатысты.  

Гуманитарлық әріптестік пен мәдени байланыс, жастар кәсіпкерлігі, ауылдық аймақтарды дамыту және трансшекаралық әріптестік жобалары. Жастардың басқосуының өзегіне айналған тақырыптар осы. Кәсіби біліктілік, сенімге құрылған әріптестік университет қабырғасынан қалыптасатыны мәлім. Сондықтан, осындай халықаралық форумдар болашақ мамандар үшін аса пайдалы.

Елена Бойко, Мемлекеттік аграрлық университеттің ректоры:

- Ғылыми, педогогикалық саладағы әріптестік бұрыннан бар. Жыл сайын әріптестікті нығайтып келеміз. Бір орында тұрып қалмас үшін, қатынастар тек басшылар деңгейінде ғана болмас үшін, жастар форумын өткізіп жатырмыз. Өйткені, осы жобаларды жүзеге асыратындар - жастар.

Есенғали Ыбыраев, Түмен облыстық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті:

- Жастар біздің болашағымыз деп бекер айтпаймыз. Бүгінгі жас - ертеңгі маман. Өйткені, бастамаларды қолдап, жүзеге асырады. Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікті нығайтып, одан әрі дамытуға деген құлшыныс осы жерден басталатынына сенімдімін.

Жанна Болатова теріскейдегі аграрлық колледждің студенті. Қызылжар өңіріне «Серпін» бағдарламасы арқылы келіп, білім алып жүр. Бүгінгі форумнан түйгені мол, көрші мемлекеттегі үздік жобалармен танысу мүмкіндігіне ие болғанын айтады. 

Жанна Болатова, Есіл аграрлық колледжінің студенті:

- Жастармен тәжірибе алмасып жатырмыз. Ауылымыздың немесе аграрлық шаруашылықтың ары қарай дамуына септігін тигізетін жаңа жобалармен танысып, жаңа тәжірибелермен алмасып жатырмыз. 

Бұл форумға Ресей мен Қазақстанның аграрлық оқу орындарында білім алып жүрген 140-тан астам студент қатысты. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласында енгізіліп жатқан жаңашылдықтар мен технологиялар, әріптестікті нығайту жайы әңгіме өзегіне айналды.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу