Қауіпті жолға шектеу қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіпті жолға шектеу қойылды

02.11.2018

Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында тіркемесі бар көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынды. Себебі, қар түскен соң мұндай жолмен  жүру өте  қауіпті. Өңірдегі  бірнеше бағыттағы тас жол тау қаумалаған қарағайлы адыр  арқылы өтеді. Солардың ішіндегі ең  қауіптісі  Өскемен мен Алтай ауданын жалғайтын республикалық  трасса. Бұрылысы  көп бұралаң тау жолымен бүгін Шығыстағы тілшіміз Берік Көшербай да жүріп өтті. 

Сан иректі серпантиннің ең биік жері Осин асуы. Оның оқыс бұрылыстары көп және бірде тік өрге, бірде еңіске қарай жүруге тура келеді.

Айдар Есенбаев, Өскемен қаласының тұрғыны:

Таңертең 9.00-да шықтым қаладан. Жол өте қиын. Байқап жүру керек. Мына жермен жүргенде доңғалақ бұжыртабанды болуы керек. 

Республикалық жолдың осы тұсына таяғанда арнайы белгі орнатылды. Енді трассаның бұл бөлігінде тіркемесі бар көліктердің жүруіне тыйым салынды.

Берік Көшербай, тілші:

Осин асу әсіресе, қыста аса қауіпті. Көктайғақ кезінде құм сепкенімен, жыл сайын біраз көлік осы жерде жол апатына ұшырайды. Тіпті, міне өзге көліктерге жол ашып, өгізаяңмен жүретін мына грейдер де тайып, құзға құлап кеткен. Қазір алты доңғалағы аспанға қарап, әлі күнге дейін аударылған күйі жатыр.

Аударылып жатқан көліктің жекеменшік кәсіпорынға тиесілі екені анықталды. Ал тас жолға жауапты «Қазақавтожол» серіктестігінің техникасы жолды қардан тазалап,  көліктердің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етуде. Қыс бойы республикалық трассаларды аршуға барлығы 162 арнайы техника жұмылдырылады.

Айдын Нұрғалиев, «Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалының бас маманы:

Жолды қарап ұстауға 800 тонна тұз, 7417 метр куб тайғаққа қарсы материал және қажетті жанармай дайындалған. Күнделікті 60-тан астам тазалау техникасы шығып жүр.

Тіркемесі бар көліктердің қозғалысына тыйым салынған белгілер бірнеше жолдың бойына орнатылды. Олар енді көктемге дейін тұрады. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу