Қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған оқу-жаттығу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған оқу-жаттығу өтті

02.11.2018

Астана қаласының Төтенше жағдайлар қызметі оқу-жаттығу шараларын өткізді. Қыс кезінде болуы мүмкін кез келген қауіптің алдын алып, тұрғындарға жылдам көмек көрсету үшін бірнеше қызмет түрі бірлесе жұмыс істеді.

Құтқару қызметіне балықшы мұз астына түсіп кетті, жедел көмек қажет деген хабарлама келді. Мамандар бірден оқиға орнына аттанып, оны жағаға алып шықты. Уақытында жеткен жедел жәрдем қызметі балықшыға алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Бұл оқу-жаттығу барысына жоспарланған жаттығудың бірі еді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- «Қыс мезгілінде Астана тұрғындары жылусыз қалмайды. Тіпті апаттық жағдай болғанның өзінде». Құтқарушылар осылай деп сендірді. Олар бүгін кез келген қиын жағдайда қалай әрі жылдам жұмыс істеу керек екенін тағы да бір шыңдап алды.

Бұл коммуналдық қызметке берілген сын еді. Аязды күні жылу беру тұрбасы жарылса жөндеу жұмыстарын жүргізу амалдары. Тұрба ішіндегі су қатып қалған жағдайда бумен жылыту мүмкіндігі де бар.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Биыл қыс ерте түсті. Дабылды ескертулер басталып кетті. Осыны ескеріп, жыл сайынғы қысқы оқу-жаттығуды биыл ерте өткізіп жатырмыз. Барлық қызмет түрлері кез келген оқыс оқиғаға дайын екендіктерін көрсетті.

Дәл осындай жаттығу Алматыда да өтті. Мың жарымнан астам адам мен 200-ден астам техника жылу электр орталығындағы төтенше жағдаймен күресті. Олар алдымен, отын цехының ішінде тұтанған өртті сөндіріп, химиялық улы затқа күйіп қалған адамдарды құтқарды. Зардап шегушілерге оқиға орнында алғашқы көмек көрсетіп, азаматтарды аумақтық қорғау әдіс-тәсілдерін іске асырды.

Сандуғаш Баймұхамбетова, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

- ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 обьектілерінде осындай оқу-жаттығулар өтіп жатыр. Оның мақсаты - қысқы кезеңдегі істен шығу кезінде азаматтық қорғау қызметкерлерінің шапшаң түрде көмек көрсете алатынын анықтау және төтенше жағдай болған уақытта іс-қимылдарын тексеру және дайындық жүргізу.

Қыс кезінде жиі болатын оқиғалардың бірі автокөліктердің жолда қалып қоюы. Қар құрсауына қамалғандарды құтқарушылар қауіпсіз, жылы жерге жеткізіп, көліктерін тіркеуге алды. Қорыта айтқанда, құтқарушылар қыстың қаһарына толық дайын екендіктерін көрсетті.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу