Шымкент қаласында спорт нысандары көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында спорт нысандары көбейіп келеді

01.11.2018

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тиімді пайдалану нәтижесінде Шымкент қаласында спорт нысандарының қатары артып келеді. Биылғы жылы осындай жолмен шаһарда екі ірі спорт кешені салынды. Қазір мұнда 500-ден астам бала спорттың бірнеше түрімен шұғылдануда. Сондай-ақ, биыл көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы 49 шынығу орны мен 6 спорт алаңы жөндеуден өтті. 

Жанарыс 1,5 жылдан бері дзюдо спортымен үзбей шұғылданып келеді. Аптасына үш рет жаттығу залында күрестің айла әдістерін үйренеді. Жетістігі де жоқ емес. Жуырда облыстық деңгейдегі жарысқа қатысып, екінші орынды еншіледі. Өздері тұратын шағын ауданда жаттығу кешені ашылғалы өзге қатарластары да спортқа әуестене бастады. 

Жанарыс Арап, мектеп оқушысы:

- 1,5 сағат жаттығу жасаймыз. Өте қызу дайындаламыз.

Осындай спорт кешені биыл Жиделі шағын ауданында да ашылды. Оның құрылысына мемлекеттік-жекеменшік әртіптестік негізінде 279 миллион теңге жұмсалды. Кешенде футбол мен теннис ойнауға барлық мүмкіндік жасалған. Балалар алаңда доп тепкені үшін ешқандай ақы төлемейді.

Асқар Молдабай, спорт кешенінің басшысы:

- Кешен барлық жағынан әлемдік талаптарға сай. Өздеріңіз көріп тұрғандай, газон, жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Бұл жерде аптасына 6 рет, күніне 4 ауысымда 250 бала шұғылданады.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде бұқаралық спорт жанданып келеді. Шаһар халқының 27 пайызы, яғни, 265 мың адам бүгінде спортпен тұрақты шұғылданады. Қала аумағында 800-ден астам спорттық нысан жұмыс істейді.

Әлібек Нұртаев, Шымкент қаласы Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда «Металлург» спорт кешенінде жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындап, келер жылы бюджетке ұсынып отырмыз. Орталық стадион рексонструкциясы әлемдік стандарттарға сай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасауға жоспарланған көптеген нысандардың бірі.

Жуырда орта мектептердің жанындағы 130 спорт залында да сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдануға мүмкіндік тумақ. Мұнда 227 спорт секциясы ұйымдастырылады. Ол үшін қазір Білім басқармасымен келісім жасалуда.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу