Қазақстанның 7 азаматы Оңтүстік Кореяның түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Олардың 4-еуі - бұл елге заңсыз жұмыс істеуге барған отандастарымыз. Қазақстанның Кореядағы елшілігі соңғы кездері жұмыс іздеп баратын қазақстандықтар саны күрт көбейгенін айтады. Оған қоса, өзге ел аумағында заңсыз жүргенімен қоймай, түрлі қылмыстық әрекеттерге барған жағдайлар көбейгенін айтып дабыл қағуда.
Қазақстан мен Корея арасында 30 күнге дейін визасыз жүріп-тұру режимі 2014 жылы басталды. Қазір Кореяда 31 216 қазақстандық тіркелген. Оның 38 пайызы немесе 11 860-ы заңсыз жұмыс істеп жүрген отандастарымыз. Корей шекарасын заңсыз қиып өтетін қазақстандықтар саны биыл күрт артқан. Мысалы, 2016 жылы заңсыз жүрген 3000 қазақстандық тіркелсе, биыл олардың саны 12 мыңға жуықтаған. Оның 50 пайызы 20 мен 29 аралығындағы жастар, 36 пайызы 30 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары. Кореядағы біздің елшілік қазақстандықтар мен олардың елдегі туыстарына «жасыл дәліз» режимін пайдаланып, елге қайту керектігін ескертеді. Корей билігі мигранттармен күресті бастап кеткен. Өйткені, бұл елде заңсыз жүрген өзге ел азаматтары жасайтын қылмыстар саны артқан. Мысалы, қазір 7 қазақстандық Корей түрмелерінде жазасын өтеуде. Бұдан бөлек, 4 отандасымыз жұмыс істеп жүріп қайтыс болған. Олар туралы қазір біз Қазақстанның Кореядағы елшілігінің Консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ғабиден Темірбековтен сұрап білеміз.
Ғабиден Темірбеков, ҚР Корей Республикасындағы елшілігінің Консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:
- Заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарының қылмыс жасау фактілері тіркеліпті. Тіпті жұмыс барысында қайғылы жағдайда қайтыс болғандар да бар екен.
Заңсыз жүрген қазақстандықтардың зияны Кореяға емделуге және білім алуға келетін қазақстандықтарға да тиіп жатыр. Себебі, Қазақстаннан ұшып келетін жолаушыларға әуежайда тексеріс күшейген. Жалпы, елшілік Корей мемлекеті ұсынған «жасыл дәліз» режимін пайдаланып, наурыз айының соңына дейін бұл елден еш кедергісіз шығып кету керектігін тағы да ескертіп отыр.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.