Алты ай қыс болатын қала тұрғындары табиғи газдың келуін асыға күтіп жүр. Бірақ, нақты мерзімі ресми түрде жарияланбаған еді. Бүгін қалалық әкімдікте осы мәселе жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Сонымен, Астананың газдандыру жұмыстары қашан аяқталады? Елордаға газ нақты қашан келеді?
Кенжебай Елтаев от жағу маусымын ерте бастаған. Үйлері суып кеткен. Күнделікті ата-анасының шаңырағымен қоса, екі үйдің пешін жағып отыру осы кісінің міндеті. «Биыл қыс қатты болады» дегенді естіп, 8 тонна көмір алып қойыпты. «Ал, «Астанаға газ келеді» деген әңгімеге құлағымыз әбден үйреніп, айта-айта үмітімізді үздік», - дейді ол.
Кенжебай Елтаев, қала тұрғыны:
- Газ келсе жақсы ғой. Бағасы қалай болады екен?!
Бәкиза Бегімова, қала тұрғыны:
- Бізге газды қалай жағатынын үйрететін шығар. Кейбірі ақтөбедегілер тамақты газға істейді, бұл жақта от жаққанда таңқалдық дейді. Сондықтан, газ келсе, өте жақсы болады деп ойлаймын.
Астанаға газ келеді. Бірақ, ол толық тартылып болғанша әлі 6 жыл күту керек. Әкімдіктегілер бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп, осы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Атап айтсақ, елордаға газ 3 кезекпен тартылады.
Ең алдымен, 2021-2022 жылдары қаладағы жылу электр станциялары мен Көктал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарына жеткізілмек. Одан кейін 2023-2024 жылдары Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Гарден Вилладж, Фэмили вилладжға тартылады. Жобаның үшінші кезегінде Шұбар, Өндіріс, Ильинка тұрғын алаптары тұр.
Астанаға көгілдір отын «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды-Теміртау» бағыты арқылы жеткізілмек. Құбыр 171 ауыл арқылы өтеді. Соның нәтижесінде 10 жылдан кейін шамамен 2,7 млн. қазақстандық үйлерін газ отынымен жылытатын болады.
Мақсат Есмағұлов, қалалық Жанармай-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекшісі:
- Қала ішіндегі үйлер орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған. Біз ТЭЦ-тарды газға көшіреміз, содан қаланың ішіне газ кіргізу қажеттілігі болмайды. Ең бастысы, қаланың қасындағы жер үйлерді газға ауыстыру керек. Жоспар бойынша, бірінші кезеңді 2021 жылға дейін жүзеге асыратын боламыз. Одан кейін 2023-2024 жылға дейін 2-3 кезеңді іске асыруға кірісетін боламыз.
Демек, Кенжебай Елтаев сияқты астаналықтардың әлі бірнеше жыл көмір жағып күн көруіне тура келеді. Бұл ретте, әкімдіктегілер «қара отыннан тапшылық жоқ», - деп отыр. Өйткені, тамыз айынан бері Астанаға 183 мың тонна көмір жеткізілген.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.