Еліміздің батысындағы Сырым бекетінде жүздеген жүк көлігі кептелісте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің батысындағы Сырым бекетінде жүздеген жүк көлігі кептелісте тұр

30.10.2018

Еліміздің батысында Қазақ-Ресей мемлекеттік шекарасында жүк көліктері тәуліктеп ұзын-сонар кезекте тұр. Жүргізушілер «ас-су жоқ, кептелісте тұрмыз, тауарымыз бүлінетін болды» деп дабыл қағуда. Шекарадағы шуға бір апта бұрын Мемлекеттік кірістер комитеті енгізген жаңа тексеріс себеп болып отыр екен.

Күніне 800-900 көлік өтетін «Сырым» өткізу бекетінде қазір темір тұлпарлар жылжитын емес. Мәселен, дағыстандық Рамзан Идрисовтің тұрғанына екі тәулік. Кезек сол күйі қозғалмайды.

Рамазан Идрисов, жүргізуші:

- Жігіттердің бәрі абыржулы. Не темекі, не су жоқ. Төңіректе дүкен де жоқ. Соңғы уақыттарда үнемі осылай. Неге екені белгісіз, апта бойы кезек.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары тексеруге шыққаннан осы. Алыс жолға бет алған жүк көліктері бірнеше шақырымға созылған кезекте кептеліп қалды. Соңғы аптада шекара асқан көлік саны бұрынғыдан 500-ге азайған.

Нұрлан Сұқпұсынов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2029 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Кезек пен шағымның көбею себебі, біріншіден, жүк тасымалы артты. Екіншіден, Мемлекеттік кірістер департаментінің эскперттік бақылау тобының тексеруі біраз уақыт алып тұр.

Алмас Әбжаппаров, БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

- Мониторингті қосымша кұн салығы төленді ме, жоқ па, соны анықтау үшін жасаймыз. Жүргізушілермен бетпе-бет сөйлеспейміз. Шекарашы әкеп берген құжатты сканерлейміз, оған тек 2-3 минут қана уақыт кетеді.

Шекарашылар мен салықшылар бекеттегі даудың себебін осылайша бір-біріне сілтеп отыр. Ал, сарапшылар тобы тығырықтан шығудың жолын айтты.

Алдан Менкеев, республикалық Арнайы мониторинг тобының жетекшісі: 

- Бұл құжатқа жүк айналымының дерегі туралы қосымша кесте енгізу керек. Қазір цифрландырудың заманы. Сонда шекараға салықшыларды әкеліп отырғызып қоюдың қажеті болмайды.

«Бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс», - дейді мамандар. Мемлекеттік кірістер комитеті мен Шекара қызметі өзара құжат алмасып, бірігіп жұмыс істегенде ғана шаруа ширайды.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу