Шығыс Қазақстандағы «Өскемен – Зырян – Рахман қайнарлары» бағытындағы жол құрылысына қағазбастылық қолбайлау болып отыр. Мердігер компания былтырдан бері тау шатқалында алып көпірдің құрылысын бастай алмай жүр. Себебі, құрылыс жүргізілуі тиіс біраз жер әлі күнге дейін орман қорының қарамағында екен. Тиісті рұқсат қағаздарының болмауынан енді тұтас жобаның жүзеге асу мерзімі кейінге шегерілмек.
Осин асуы деп аталып кеткен қауіпті серпантинді айналып өту үшін екі учаскеде төтесінен жол түсуі тиіс. Былтыр басталған «Өскемен – Зырян –Рахман қайнарлары» бағытындағы құрылыс жобасы бойынша тау шатқалында үлкен көпір де салынуы керек. Алайда, 24,5 гектар жер әлі күнге дейін орман қорының қарамағында. Жұмысқа кедергі болып тұрғаны да осы.
Айдын Майусов, құрылыс компаниясының директоры:
- 17 айды біз өткізіп алдық. Енді рұқсат берілген күннен бастап жұмысты бастаймыз. Қазіргі таңда жобалардың аяқталуы 2022 жылға созылып кетейін деп тұр.
Жобаға сай, үлкен сайдың үстінен түсетін көпірдің ұзындығы 175 метр, ал, тіректерінің биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Әзірге, елімізде мұндай ірі өткел жоқ. Орман қорына тиесілі 1,5 гектар жер екінші учаскіде де бар. Рұқсаттың жоқтығынан ол жерде де жұмыс толық қарқынмен жүргізілмей жатыр.
Орман қорына тиісті учаскелер қай жерден басталатыны көзге анық көрініп тұр. Мысалы, мұнда жұмысшылар жаз бойы тау-тасты қопарып, ауыр техникаларымен топырақты күреп, болашақ жолдың негізін салған. Бірақ, ары қарай бір қадам да жасамаған. Себебі, техникаларын кіргізуге, өсіп тұрған талдың біреуін де сындыруға да, басуға да рұқсат жоқ.
Жобаны жүзеге асыруға тапсырыс берген «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өңірдегі филиалы жерге қатысты мәселеге қанық. Өз тараптарынан талай хат та жазған. Енді мердігермен бірге министрліктің жауабын күтіп отыр.
Мүслім Малғаждаров, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:
- Бұл мәселені шешіп, ақырғы нүктесін қоятын Ауыл шаруашылығы министрлігі. Осы проблеманы қарап, Үкімет қаулысын дайындайды. Кейін Үкімет қол қойып, бізге жібереді. Бүгінде мәселе сол күйі шешілмеген. Қашан шешілетінін білмейміз.
Құжат күтіп, кідіріп қалған ауқымды жобаның жалпы құны 16 миллиард теңгеге жуықтайды. Құрылысқа барлығы 700-ден астам адам жұмылдырылған. Әзірге жол салу жұмыстары тек рұқсат етілген жерлерде жүріп жатыр.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.