Алматы облысындағы әскери оқу-жаттығуы алаңында «Бірлескен басқарушылық іскерлік» ойындары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы әскери оқу-жаттығуы алаңында «Бірлескен басқарушылық іскерлік» ойындары өтті

26.10.2018

Бұл далалық дайындық ТМД елдері Шекара қызметі қолбасшыларының кеңесі бекіткен келісім бойынша ұйымдастырылған. Екі күнге жалғасқан жауынгерлік дайындыққа Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар қызметінің сарбаздары қатысты. Арнайы операция шекарадағы дағдарыс жағдайындағы оқыс оқиға кезінде қатысушы мемлекеттердің жауынгерлерінің түсіністікпен іс-қимыл жасауына негізделген.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Міне, қазір бірлескен әскердің төтенше жағдайдағы оқу-жаттығуы басталды. Біз жауынгерлердің іс-қимылын осы төбенің басынан бақылап тұратын боламыз. 

Оқу-жаттығу арнайы әзірленген сценарий бойынша өтті. Суық қарумен қаруланған бүлікшілер тобы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп, ұйымдасқан қылмыс жасауға бет алады. Шекарашылар оларды өз күштерімен бөгейді. Ал, тылдан көмекке келген жауынгерлер шекарашылармен бірлесіп, бұзақы топтың жолына тосқауыл болады.

Мұратбек Серікбаев, Шекара қызметі тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және кадрлық жұмыстар жөніндегі басқармасының бастығы:

- Дағдарыс жағдайында Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және де Төтенше жағдайлар қызметі қай жерде қалай жұмыс атқаратынын пысықтаймыз.  

Шекараны кескен заң бұзушыларды ұстау кезінде әуеден ұшқыштар көмектесті. Оған тегеурінді атты әскер қосылып, қас қағым сәтте арам пиғылдағы діни ұйым мүшелері қоршауға алынды. Шыңдалған жауынгерлердің шапшаң әрі үйлесімді әрекетінен кейін бүлікшілер қолға түсті.

Александр Манилов, ТМД Елдері шекара әскерлері қолбасшылары үйлестіру кеңесінің төрағасы, генерал-полковник:

- Біз бұл жұмысты Қазақстанның аумағында өткізу арқылы бірлескен әрекет ету туралы жоспар құрдық. Біздің алдымызда қазір ТМД елдерінің аумағындағы ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуге арналған бірлескен оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті. Сондықтан, Қазақ елінің Шекара қызметіне және Шекара академиясына алғысым шексіз. 

Биыл «Бірлескен басқарушылық іскерлік» ойындарына Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан елдері қатысса, Беларусь, Өзбекстан, Армения мемлекеттері бақылаушы ретінде келген. Енді осы бағыттағы ойындар келесі жылы Тәжікстанда, 2020 жылы Ресейде өтеді деп жоспарланып отыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу