Теміртауда балаларды балабақшаға 1 жастан бастап қабылдау қолға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда балаларды балабақшаға 1 жастан бастап қабылдау қолға алынады

25.10.2018

Елбасының тапсырмасына сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өз қаржысына Теміртау қаласында емхана мен балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салады. Сондай-ақ, металлургтер шаһарындағы 2-ші жылу энергетикалық орталықты модернизациялау жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл туралы облыс әкімдігі мен компания арасында меморандумға қол қойылды. Әлеуметтік нысандардың жобалау құжаттары дайын. Барлығы да заманауи талаптарға сай салынып, жабдықталады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірге сапары кезінде Теміртаудағы 2-ші жылу энергия орталығының жұмысына баса көңіл бөлді. Соңғы жылдары қала халқын жылумен қамтуда келеңсіздіктер жиілеп кеткен болатын. Осыған орай, Елбасы жылу энергия орталығына модернизациялау жұмыстарын жүргізіп, 7-ші қазандық салу туралы тапсырма берді. 

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының арқасында 20 мың адамға арналған емхана салынып, ең бастысы, бұл нысан алдағы уақытта қаладағы медициналық мекемелер бойынша қажеттілікті толықтай шешеді. Ал, 320 орынға арналған балабақшаның салынуы Теміртау қаласына облыста бірінші болып толыққанды мектепке дейінгі сапалы тәрбие беруге ауысуға мүмкіндік береді. Яғни, балаларды балабақшаға 3 жастан емес, 1 жастан бастап қабылдау қолға алынады. Аталған мәселелер Елбасымыздың Жолдауында кеңінен айтылған. Жалпы, жақын арада теміртаулықтар Елбасының бұл қалаға және оның тұрғындарына көрсеткен қамқорлығын тағы да сезінетін болады. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу